Атырау облысы білім беру басқармасының “Таланттарды анықтау және қолдау орталығының” ұйымдастыруымен ерекше балалар арасында «Тең мүмкіндіктер» атты балалар инклюзивті спорт фестивалінің облыстық кезеңі өтті. Спортты серік еткен, жігері мұқалмас жас дарындар бақ сынасқан бұл дүбірлі додада аудан намысын қорғаған өрендер айрықша өнер көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша ауданымыздан қатысқан №21 жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары Мұратұлы Жұмахан, Сүлеймен Бекнұр және Нұролла Нұрсезім барлық қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, жүлделі 1-орынды иеленді. Балалардың бойындағы спортқа деген құштарлықты оятып, оларды жарысқа асқан жауапкершілікпен дайындаған білікті жетекші Санжан Жармағанбетованың еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық.
Осынау айтулы жеңістің арқасында аудан құрамасы фестивальдің республикалық кезеңіне жолдама алды. Алдағы уақытта еліміздің бас додасында облыс намысын қорғайтын жас чемпиондарымыз бен олардың жетекшісіне сәттілік тілейміз. Жігерлі өрендердің бұл жеңісі – бүкіл ауданның мақтанышы.
Ж.Әбдікәрімова




