Отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан ұлттық құрамасы кезекті ірі додаға дайындықты бастады.
Жуырда Атырауда өткен жолдастық кездесуде Жапония құрамасын 2:0 есебімен жеңген қазақстандық спортшылар 15–24 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азия параойындарында бақ сынайды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауовтың айтуынша, қазір команда сапында 14 спортшы бар. Оның 10-ы – атыраулық спортшылар. Ұлттық құрама әлемдік рейтингте 78 елдің арасында екінші орында тұр.
– Қазір Қазақстан және Жапония құрамалары бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Спортшылар күніне төрт сағат жаттығады. Жиын аяқталған соң команда Астанада дайындықты жалғастырады. Қазір спортшылардың физикалық және тактикалық дайындығын күшейтуге басымдық беріп отырмыз. Әлемдегі мықты командалардың бірі – Иран құрамасы. Біз де үздіксіз дайындық пен еңбектің арқасында бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге күш саламыз, – деді Бауыржан Тахауов.
Жапония құрамасының спортшысы Джун Тазава Қазақстан командасының деңгейі жоғары екенін атап өтті.
– Қазақстан құрамасы өте мықты. Сондықтан олармен бірге жаттығып, тәжірибе жинақтауға тырысып жатырмыз. Алда тартысты әрі ұзаққа созылатын кездесулер болуы мүмкін. Дегенмен жақсы нәтиже көрсету үшін бар күшімізді саламыз, – деді Джун Тазава.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасына Канада мен Германия командаларынан да бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, тәжірибе алмасу жөнінде ұсыныс түскен. Бұл ұлттық құраманың халықаралық аренадағы нәтижелері мен кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.
Қазақстан құрамасы 2023 жылы Азия чемпионы атанса, биыл шілде айында әлем чемпионатында алғаш рет қола жүлдеге ие болды.



