Бүгінде ауданда бұқаралық спортты дамыту аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның бірі – 1 ықшам аудандағы тағы бір жаңа спорт кешенінің іске қосылуы. Алайда тұрғындар арасында спорт орталығының нақты қашан толық пайдалануға берілетіні және мұнда қандай спорт үйірмелері жұмыс істейтіні туралы ақпараттың жеткіліксіз екені байқалды. Тіпті кейбір тұрғындар жаңа орталықтың өз жұмысын бастап кеткенінен байхабар екендерін де айтты. Олар нысанның мүмкіндігін кеңінен пайдалану үшін үйірмелер санын көбейтіп, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға да арнайы спорт секциялары ашылса деген ұсыныстарын жеткізді.
1 ықшам ауданының тұрғыны Роза Аманкелдіқызы бірнеше жылдан бері дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің толық іске қосылу мәселесін көтеріп келеді. Оның айтуынша, бұл әсіресе балалардың, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін маңызды. Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында тұрғындармен бірге спорт кешеніне бардық. Жауапты мамандардың айтуынша, нысан биылғы жылдың қаңтар айынан бері жұмыс істейді. Қазіргі таңда мұнда волейбол және таэквондо үйірмелері ғана жұмыс жасап тұр. Алайда тұрғындар бұл ақпаратты алғаш рет естіп отырғандарын айтып, таңданыстарын жасырмады. Олардың сөзінше, спорт кешенінің ашылғаны туралы халыққа ешқандай хабарландыру берілмеген.
– Бұл мәселені көтеріп жүргеніме үш жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде жергілікті атқарушы органдарға бірнеше рет жүгіндім, «е-Өтініш» платформасы арқылы да ресми сауал жолдадым. Әртүрлі жауап алдық, бірақ нақты нәтиже болмады. Бүгін ғана кешеннің қаңтардан бері жұмыс істеп тұрғанын білдік. Алайда әзірге екі ғана үйірме жұмыс істейді. Бұл жөнінде тұрғындарға ешқандай ақпарат берілмеген. Қандай үйірмелер бар, оған балалар қалай қатыса алады – осының бәрі халыққа ашық жариялануы қажет. Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған спорт секциялары да ашылса деген тілегіміз бар,-дейді тоғыз баланың анасы Роза Аманкелдіқызы. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2022 жылы басталып, 2025 жылы пайдалануға берілген. Осы уақытқа дейін нысан аудандық №1 балалар спорт мектебінің теңгерімінде болған. Аудандық №5 спорт мектебінің директоры Мұрат Тыныштықұлының айтуынша, қазіргі уақытта спорт кешеніне ресми атау беру бойынша құжаттар рәсімделіп жатыр. Жақын арада нысанға Құлсары балалар және жасөспірімдер спорт мектебі атауы берілмек.
– Қазір кешенде волейбол және таэквондо үйірмелері жұмыс істейді. Футбол үйірмесін ашу үшін enbek.kz порталы арқылы жаттықтырушы іздеп жатырмыз. Маман табылған жағдайда бұл бағыт та іске қосылады. Спорт залдарының саны шектеулі болғандықтан, үйірмелер кезең-кезеңімен ашылады. Тұрғындардың үйірмелер туралы хабарсыз қалғанын айтып жатқанын білеміз. Дегенмен бала қабылдау кезінде жаттықтырушылар мектептерге барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді,-деді Мұрат Тыныштықұлы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда кешенде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы спорт секциялары қарастырылмаған. Бұған осы бағытта жұмыс істейтін білікті жаттықтырушылардың тапшылығы себеп. Алайда ата-аналар баласын жеке бапкерімен бірге алып келіп, оның қауіпсіздігіне өздері жауапкершілік алған жағдайда, спорт залын пайдалануға мүмкіндік беріледі. Осыдан-ақ ауданда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы спорт секцияларының жоқтығы өзекті мәселе болып отырғаны байқалады. Жауапты мамандар мұны білікті жаттықтырушылардың тапшылығымен түсіндіргенімен, мәселе тек маман жетіспеушілігімен шектелмейді. Ерекше қажеттілігі бар балалардың спортпен шұғылдануына қолайлы инфрақұрылымның жеткіліксіздігі инклюзивті спортты дамыту бағытындағы жұмысты күшейтуді қажет етеді.
Жауапты мамандардың мәліметінше, спорт кешені 200-ден астам баланы қабылдай алады. Нысан қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, ал қосымша жабдықтар алдағы уақытта облыс орталығынан жеткізіледі. Жоспар бойынша кешенде үш спорт үйірмесі жұмыс істейтін болады. Спорт залдарының шектеулі болуына байланысты өзге спорт түрлерін ашу әзірге мүмкін болмай отыр дейді жауаптылар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, спорт кешенінің пайдалануға берілгеніне бірнеше ай өтсе де, нысанның ресми атауы әлі бекітілмеген. Соның салдарынан әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарды ақпараттандыру жұмысы да қолға алынбаған. Жауаптылардың айтуынша, алдағы уақытта Instagram мен Facebook желілерінде арнайы парақшалар ашылып, кешеннің жұмысы туралы тұрақты ақпарат жарияланады. Ал спорт үйірмелеріне балаларды қабылдау тамыз айының соңында басталмақ.
А. Мейрамбайқызы



