Вьетнамның Дананг қаласында 4-6 маусым аралығында өткен грэпплингтен Азия және Мұхит аймағы чемпионатында жерлесіміз Ерлан Шәкішов тамаша нәтиже көрсетіп, алтын медаль иеленді. Спорттық мансабында екінші рет Азия чемпионы атанған спортшы қарсыластарының барлығын жеңіп шыққан.
Жарысқа Азия мен мұхит аймағының ең үздік спортшылары қатысып, құрлықтың мықты балуандарын анықтады. Палуанды елге оралған сәтінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшысы Әлібек Науаров, «Орталық стадион» ұжымы, жаттықтырушылар мен спортшылар және жанкүйерлер салтанатты түрде қарсы алып, жеңісімен құттықтады. Чемпиондық белесті бағындырған Ерлан Шәкішов қуанышымен бөлісіп:
– «Баршаңызға сәлем! Вьетнамның Дананг қаласында өткен халықаралық турнирде екі дүркін Азия чемпионы атанғанымды қуана хабарлаймын. Бұл жеңіс ұзақ жылғы еңбектің, тынымсыз жаттығудың және бапкерлерімнің сенімі мен қолдауының жемісі. Осы жолда әрдайым жанымнан табылып, қолдау білдіріп, сенім артқан барша жанкүйерлерге, жақындарыма және бапкерлеріме шын жүректен алғысымды білдіремін»-деп өз қуанышын жеткізді. Бұл жеңіс ұзақ жылғы еңбектің, табандылықтың және жүйелі дайындықтың жемісі. Ерланның халықаралық аренадағы жетістігі Қазақстан спортының абыройын асқақтатып қана қоймай, туған өңірі Жылыой жұртшылығы үшін де зор мақтанышқа айналды.
Айта кетейік, бұған дейін сәуір айында Astana қаласында өткен грэпплингтен Қазақстан Республикасының Кубогінде Жылыой өңірінің спортшылары тарихи жетістікке қол жеткізген болатын. «JYLYOI MERGEN» жауынгерлік клубы, «Орталық стадион» және Жаңа Қаратон кентіндегі №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары ел біріншілігінде жоғары деңгейде өнер көрсетті. Жалпы жарысқа қатысқан 12 спортшының 8-і жүлделі орындарға ие болып, өңір намысын абыроймен қорғады. Сол додада 130 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Ерлан Шәкішов алтын медаль жеңіп алып, өзінің жоғары деңгейдегі дайындығын дәлелдеген еді.
Бүгінде сол жеңісті жолын халықаралық аренада жалғастырған жерлесіміз Азия чемпионатының алтын жүлдесін тағы да қанжығасына байлап, екі дүркін құрлық чемпионы атанып отыр. Жылыой спортының дамуына үлес қосып жүрген бапкерлер мен спортшылардың еңбегі осындай айтулы жетістіктер арқылы өз нәтижесін беруде. Ерлан Шәкішовтің бұл жеңісі жас спортшыларға үлгі болып, өңірдегі грэпплинг спортының одан әрі дамуына серпін беретіні сөзсіз.
А.Ерденқызы




