«Спорт – денсаулық кепілі» демекші, Жылыойда Мемлекеттік рәміздер күніне орай жеңіл атлетикалық жүгіру жарысы ұйымдастырылды. Бүгінде ауданда осы сынды бұқаралық спорт сайыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Себебі мұндай іс-шаралар арқылы адамдардың спортқа деген қызығушылықтары арта түседі дейді ұйымдастырушылар. Бұл шараның мәні де осы – тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, белсенді өмір сүруге ықпал етеді.
5 шақырымдық жүгіру жарысына жалпы саны 200 адам қатысты. Қатысушылардың қатарында жас спортшылар, қарапайым тұрғындар және Атырау қаласы, Махамбет, Исатай, Бейнеу және Мақат аудандарынан қатысушылар қатысып, белсенділіктерін көрсетті. Жарысқа жалындаған жастар да қатысып, бақ сынады. Солардың бірі – №9 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы, қыздар арасынан 14-17 жас аралығында бақ сынаған Зереп Әбдрахманова. Ол биыл жеңіл атлетика жарысына 3-ші рет қатысып отыр.
– Бұл менің жүгіру жарысына үшінші рет қатысуым. Алғаш рет қатысқанда 3-орынды иелендім. Одан соң 10 шақырымды бағындырып, алтын алдым. Ал осы сайыста тағы да 3-орын бұйырды. Өте ауқымды іс-шара болды,-дейді З.Әбдрахманова.
Жарыс таң елең-алаңда Орталық стадионнан бастау алды. Қатысушылар күш пен төзімділіктің арқасында белгіленген межеге, қаладағы М.Кенғанов көшесіне дейін жүгіріп барып, бастапқы стадион алаңына кері жүгіріп оралды.
Іс-шара қорытындысы бойынша өз жас ерекшеліктеріне сәйкес үздік жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға Қазақстан Республикасының рәміздері бейнеленген естелік медальдар табысталды.
Ш.Хамитова




