Анарбеков пен Сәтбаевтар енді Жылыойдан шықпақ

Ауданда балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған маңызды жоба жүзеге асып, жергілікті әкімдік ұсынысымен алғаш рет «Атырау» футбол клубы академиясының аудандық филиалы салтанатты түрде ашылды. Футболсүйер көрерменнің көкейінде жүрген бұл бастама бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп қана қоймай, талантты жас футболшылардың кәсіби деңгейде шыңдалуына жол ашатын маңызды қадам ретінде бағалануда.

 Іс-шараға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов пен «Атырау» футбол клубының бас директоры Айбек Тілеужан арнайы қатысып, «Атырау» футбол клубы академиясының аудандық филиалын ашу және өзара ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды. Құжаттың негізгі мақсаты – аудандағы футбол инфрақұрылымын дамыту, жас спортшыларды жүйелі даярлау және олардың кәсіби футболға қадам басуына қолайлы жағдай жасау. Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Жұмабек Қаражанов бұл бастаманың Жылыой жастары үшін маңызына тоқталып:

 – Футбол академиясы филиалының ашылуы – ауданымыздағы балалар мен жасөспірімдер спортының жаңа кезеңі. Бұл жоба бұқаралық спортты кеңінен дамытуға, жас таланттарды анықтап, олардың кәсіби деңгейде өсуіне мүмкіндік береді. Ертең ел намысын қорғайтын спортшылар дәл осы жерден шығатынына сенім мол,-деді өз сөзінде.

Кейін «Атырау» футбол орталығының атынан жылыойлық жас спортшыларға арнайы сыйлықтар табысталып, іс-шара тәжірибе алмасумен жалғасты. «Атырау» футбол клубының U-21 командасының ойыншылары мен футбол орталығының бапкерлері жас футболшыларға арналған шеберлік сағатын өткізіп, допты қабылдау, пас беру, алаңдағы қозғалыс, ойын тактикасы және командалық үйлесімнің негізгі элементтері бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Шеберлік сағатына кәсіби клубтың сербиялық ойыншылары Мато Станич пен Джордже Пантеличтің қатысуы жас спортшыларды ерекше қуантты. Олар балалармен бірге жаттығу өткізіп, өздерінің ойын тәжірибесін бөлісті. Бұл жас футболшыларға кәсіби спорттың талаптарын жақынырақ сезінуге мүмкіндік берді. «Атырау» футбол орталығының жетекшісі Қуаныш Қабдолов:

–Ауданнан іріктелген жаттықтырушылар Атырау қаласына шақырылып, орталықтың әдістемесі бойынша тағылымдамадан өтеді және олар біздің бірыңғай әдістемеміз бойынша жұмыс істейтін болады. Жақында Сербияның әйгілі «Црвена Звезда» клубымен меморандумға қол қойдық. Тамыз айының соңында сол клубтың координаторлары Атырауға келеді. Осы тәжірибе алмасу жұмыстарына жылыойлық бапкерлер де қатысады. Басты мақсатымыз Жылыой ауданынан болашақ чемпиондарды, дарынды футболшыларды шығару,-деді ол.

 Филиалдың ашылуына орай ұйымдастырылған спорттық шараның негізгі бөлімінде 2014–2015 жылы туған жасөспірімдер арасында жолдастық кездесу матчы өтті. Атыраулық және жылыойлық жас футболшылар жасыл алаңда өзара бақ сынасып, өз шеберліктерін көрсетті.

Айта кетейік, академия филиалына енді 12 жасқа дейінгі балалар қабылдана бастайды. Бұл жас ерекшелігі жас спортшыларды ерте жастан кәсіби жүйемен дайындауға мүмкіндік береді. Мұндай игі бастамалар спортқа қызығушылық танытатын жастардың қатарын көбейтіп, ауданымызда футболдың жаңа даму кезеңін қалыптастыруға негіз болмақ.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT