Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында әр адам үшін маңызды міндеттің бірі – өзінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін алдын-ала тексеру. Бұл дауыс беру күні туындауы мүмкін түсініспеушіліктердің алдын-алуға мүмкіндік береді.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, бұл жұмыс заң талаптарына сәйкес нақты мерзімдермен жүргізіледі.
-«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес дауыс беру күніне жиырма күн қалғанда тиісті әкімдер сайлаушылар тізімін жасап, қол қойып, мөрмен растап, сайлау учаскелеріне табыстайды. Учаскелік сайлау комиссиясы тізімді алғаннан кейін дауыс беру күніне он бес күн қалғанда сайлаушыларға тізімдермен танысуға мүмкіндік береді. Яғни сайлаушы учаскелік комиссияға келіп, өзінің деректерінің дұрыстығын, тізімде бар-жоғын анықтауға құқылы. Сайлаушы өзінің ғана жеке деректерімен таныса алады, — деп түсіндірді Әсия Баянқызы.
Егер тұрғынның аты-жөні сайлаушылар тізімінен табылмаса, ол жеке өтініш бере алады. Мұндай жағдайда учаскелік сайлау комиссиясы сол адамның осы сайлау учаскесінің аумағында тұрақты тіркелгенін тексереді. Тіркеуі расталса, сайлаушы тізімге енгізіледі. Ал тұрақты тіркеуі болмаса, заң талаптарына сәйкес тізімге енгізуден бас тартылады.
Жалпы, комиссия тұрғынның өтінішін түскен күні қарауға міндетті. Сондықтан өз деректерін алдын-ала тексеру сайлау күні уақыт жоғалтпауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сайлаушылар өздерінің қай учаскеде дауыс беретінін бірнеше тәсіл арқылы анықтай алады. Облыс аумағында жұмыс істейтін 10 call-орталыққа хабарласуға немесе арнайы Telegram-боттың көмегіне жүгінуге мүмкіндік қарастырылған.
Сайлаушылар тізімінің нақтылығы әділ әрі ұйымдасқан сайлаудың маңызды кепілі екені белгілі. Сондықтан әр тұлға өз деректерін алдын-ала тексеріп, қажет болған жағдайда заңда көзделген тәртіппен түзетулер енгізгені жөн.
Майра ЕРҒАЛИ



