Сайлау жүйесі қалай жаңарды?

Сайлау науқаны тек заң талаптарын орындау ғана емес, жылдар бойы жинақталған тәжірибеге сүйенетін күрделі ұйымдастыру процесі.

Әр саяси науқанның өз ерекшелігі, өз сабағы болады. Сондықтан сайлау жүйесінің тұрақты дамуы кәсіби тәжірибемен де тығыз байланысты.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева сайлау саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келеді. Оның айтуынша, әр кезең жаңа міндеттер мен жаңа жауапкершілікті талап етеді.

–Мен сайлау науқандарына 2000 жылдардан бастап облыс әкімдігінде ұйымдастырушы тарапынан, алғашқы электрондық сайлаушылар тізіміне жауапты маман ретінде, кейін облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі ретінде қатысып, тәжірибе жинақтадым. Әрбір сайлау ерекше деп те айтуға болады. Әр саяси науқанда сабақ болатын жағдай кездеседі, — дейді Әсия Баянқызы.

Ол алғаш есте қалған науқандардың бірі ретінде 2001 жылы өткен ауыл әкімдерінің сайлауын мысалға келтіреді. Сол кезде Қошқар кенті мен Сарытоғай ауылдық округінің әкімдері жанама сайлау құқығы арқылы таңдаушылардың дауыс беруімен сайланған. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту жолындағы алғашқы қадамның бірі еді.

Комиссия төрағасының айтуынша, ерекше есте қалған саяси науқанның бірі – 2004 жылғы Мәжіліс депутаттарының сайлауы. Дәл осы кезеңде Қазақстанда электрондық дауыс беру жүйесін сынақтан өткізу мақсатында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді.

–Сол сайлауда эксперимент ретінде электрондық дауыс беруді ұйымдастыру үшін сайлаушылардың жеке куәліктеріне қазіргі цифрлық дәуірде өте маңызды жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) желімдеу жұмысы жүргізілген болатын. Өте ауқымды және қиын жұмыс болған. Жалпы қандай да алғашқы рет жасалған жұмыс қызықты болады ғой, — дейді Ә.Қыстаубаева.

Бүгінде сайлау жүйесі уақыт талабына сай жаңарып келеді. Цифрлық сервистер енгізіліп, заңнамалық нормалар жетілдірілуде, комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығына қойылатын талаптар күшейтілді.

Жалпы, сайлау тәжірибесінің сабақтастығы жаңа реформалардың тиімді жүзеге асуына негіз болатын маңызды фактор. Ал өткен жылдардағы тәжірибе бүгінгі сайлау науқандарын заң талаптарына сай, ашық әрі сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

 

Майра ЕРҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT