Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық барысында мүгедектігі бар тұрғындардың дауыс беру құқығын толық қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.
Сайлау учаскелерінің қолжетімді болуы – бұл процестің маңызды талаптарының бірі. Сондықтан өңірде бұл бағыттағы жұмыстар заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылып жатыр.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, сайлау органдары қызметінің негізгі қағидатының бірі – инклюзивтілік.
– Сайлау кезіндегі жұмыс принциптерінің бірі – инклюзивтілік. Мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне жағдай жасау сайлау туралы заңда көзделген. Сайлау учаскесі орналасатын ғимараттың ауласында арнайы автотұрақтан бастап, кіреберісте пандус, шақыру нүктесі, Брайль қарпімен дайындалған маңдайша, тактильді жолақтар болуы тиіс. Дауыс беруге арналған үй-жай арнайы кабинамен, үлкейткішпен, бюллетень мәтінінің аудио нұсқасымен, Брайль қарпімен әзірленген бюллетеньмен, құлаққап және басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі, — деп түсіндірді Әсия Баянқызы.
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Атырау облысында 3244 мүгедектігі бар сайлаушы тіркелген. Олардың арасында кресло-арбамен қозғалатын азаматтар, көру және есту қабілеті бұзылған адамдар бар. Сондай-ақ Брайль қарпін меңгерген 111 сайлаушы есепке алынған.
Дауыс беру күні мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың сайлау учаскесіне кедергісіз жетуі үшін жергілікті әкімдіктер инватакси қызметін ұйымдастырады. Бұдан бөлек, сурдоаудармашылардың қызметі де қарастырылады.
Сайлау учаскелеріндегі қолжетімділік талаптарының сақталуына үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бақылаушылар да мониторинг жүргізеді. Мұндай жұмыстар сайлау барысында анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюға мүмкіндік береді.
Әр адамның таңдау жасау құқығын қамтамасыз ету – әділ сайлаудың басты қағидасының бірі. Сондықтан инклюзивті орта қалыптастыру бүгінгі сайлау жүйесінің маңызды міндеттерінің қатарында тұр.
Майра ЕРҒАЛИ



