Аудан әкімдігі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің жылдық жоспарына сәйкес аудандық орталық кітапханада 1 мамыр – Бірлік күніне орай «Жұлдыз» журналының жүлдесі үшін «Ынтымақ ырыс келтірер» атты аудандық жас тілшілер байқауы өтті. Байқауды аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық білім бөлімі ұйымдастырды.
Жастардың санасына татулық, бірлік, достық, ынтымақ қасиеттерін сіңіру мақсатында өткен байқауды аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрдаулет Ақназаров ашып, жас қаламгерлерге сәттілік тіледі.
Байқау ережесіне сай ауданның жалпы орта білім беретін мектептерінен жиналған қатысушылар «Достық – өмір өзегі», «Ынтымақ – табыс кепілі», «Тату болсаң төбедегіні аласың», «Біріккен іс берекелі» тақырыптарында мақала жазды. Қазылар алқасы қатысушылардың жұмысын сауатты жазылуына, сөйлем құрылымына, мазмұнына қарап бағалады. Уақыт шектеуі болмады.
Байқауда аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров, аудандық «Кең Жылой» газеті бас редакторының орынбасары – жауапты хатшы Шаттық Хамитова және аудандық білім бөлімінің әдіскері Амангүл Ысқақова қазылық етті. Қазылар алқасының шешімі бойынша №7 жалпы орта білім беретін мектеп оқушысы Ақторғын Мақсот «Достық-өмір өзегі» тақырыбында мақала жазып, бірінші орынға ие болды. Жетекшісі – Алтынай Нығметова. Ал екінші орынды №5 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Бибіфатима Ерсайын «Тату болсаң төбедегіні аласың» тақырыбындағы мақаласымен жеңіп алды. Жетекшісі – Жанерке Қапанова. Үшінші орынның бірі «Ынтымақ ырыс келтірер» тақырыбында мақала жазған №20 жалпы орта білім беретін мектеп оқушысы Аяна Екібайға, ал екіншісі «Біріккен іс берекелі» тақырыбында мақала жазған №23 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Рай Ұлмекен иеленді. Жетекшілері – Гүлзира Байсейітова мен Айнагүл Ысқақова. Жүлдегерлер дипломдармен, «Жұлдыз» журналымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары бұйырды.
Байқау қатысушылары – орта мектепті тәмамдаған соң журналистика мамандығына оқуға түскелі отырған болашақ журналистер. Олардың болашақ салаларына қызығушылық танытқандары сонша, аудан көлемінде өтетін бірде-бір байқауды қалт жібермей қатысып, мақала жазып, үнемі бақтарын сынап келеді.
Айта кету керек, жас тілшілер байқауы аудан әкімдігінің қолдауымен және ауданның Құрметті азаматы, Жем ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Төремұрат Асқардың қаржылай демеушілігімен өтті.
Кенжебике Жапалова,
аудандық орталық кітапхана директорының орынбасары


