Тәрбие – тал бесіктен...

«Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі даму тұжырымдамасы аясында, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының «Салауатты сана» жобасы шеңберінде қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға бағытталған жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық секілді келеңсіз құбылыстарға қарсы күрес тақырыптары кеңінен қамтылып келеді.

Осы бағытта аудандық Аналар кеңесінің жоспарына сәйкес «Заң мен тәртіп – қоғамдық келісім тірегі» тақырыбында оқушылармен профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.

Тағылымды шара барысында жас буынға заң талаптарын құрметтеу, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну, адамгершілік құндылықтарды берік ұстану мәселелері кеңінен түсіндірілді. Аталмыш тақырып аясында №9, №16 және №18 жалпы орта білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиында сөз алған аудан әкімі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Мадина Сабыржанқызы мен кеңес мүшесі, зейнеткер Меркан Шарғынқызы жасөспірімдерге қоғамдағы зиянды әдеттер мен теріс қылықтардың адам өміріне тигізер кесапаты туралы кеңінен әңгімелеп, олардың алдын алу жолдарына тоқталды. Олар соңғы уақытта жастар арасында ата-ананың ақыл-кеңесіне құлақ аспау, үйден кету, құқық бұзушылық пен қылмыстық әрекеттерге бару жағдайларының жиілеп кеткені туралы кеңінен айтып, бұл жағдай алаңдаушылық туғызып отырғанын жеткізді. Осыған орай оқушыларға саналы түрде таңдау жасауға, жауапкершілікті сезінуге және заң талаптарын құрметтеуге шақырды.

- Кездесуді ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – әрбір оқушының бүгінгі іс-әрекеті оның ертеңгі тағдырына тікелей әсер ететінін ұғындыру, заң талаптарын түсіндіру. Жастар – еліміздің жарқын болашағы. Сіздердің бойларыңыздан адалдық пен әділдік табылуы үшін ең алдымен тәртіпке мән беру қажет. Кейде заң бұзушылыққа бой алдырып, ата-ананың ақыл-кеңесіне құлақ аспай жатқандарыңыз туралы естігенде, біз іштей алаңдап, қынжыламыз. Тәртіптің бастауы – отбасы, ал оның жалғасы – мектеп. Сонымен қатар сіздерге дұрыс бағыт-бағдар көрсету біз секілді орта буын өкілдерінің де жауапкершілігі деп білемін. Сондықтан әр қадамдарыңызды ойланып басып, саналы шешім қабылдасаңыздар, бұл өз кезегінде болашақтарыңыздың жарқын болуына оң ықпал етеді,-деп атап өтті аудан әкімі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Мадина Сабыржанқызы.

Тал бесіктен басталатын тәрбиемен қатар, тәртіпті де өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта ауданда атқарылып жатқан игі істер аз емес. Дегенмен заң бұзушылық фактілері де азамай отыр. Қазіргі таңда аудан бойынша 34 жасөспірім учаскелік есепке алынған. Оның 27-сі қасақана құқық бұзушылық жасағандар санатында тіркелген.

Жиын барысында аудандық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесіне қарасты отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес тобының инспекторы Мунира Қайруллақызы сөз алып, оқушыларға қылмыс жасаудың салдары, ондай әрекеттің адамның болашағына тигізер кері әсері, сондай-ақ заң бойынша қай жастан бастап жауапкершілікке тартылатыны жөнінде кеңінен түсіндіріп өтті.

- Сіздердің әрбір іс-әрекетіңіз болашақта өз тағдырыңызға әсер ететінін біліңіздер. Заң бойынша қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Қылмыстық кодексте аса ауыр қылмыс жасағаны үшін оның ішінде адам өлтіру бойынша 14 жастан бастап жауапкершілікке тартылады. Мәселен, ұрлық жасағаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы, алаяқтық бабымен 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы көзделген. Бір қылмыс жасағаны үшін 5 жылдан 8 жылға дейін темір торда отыру оңай емес. Сол үшін әр әрекетті жасамас бұрын алдымен сан рет ойланған жөн. Бастысы күмәнді әрекеттен аулақ болыңыздар. Біз өз тарапымыздан қылмыс жасамауға, заңға бағынуға шақырамыз,-деді ол.

Қазіргі қоғамда әке мен бала арасындағы байланыстың әлсіреп бара жатқаны жасырын емес. Әкенің отбасындағы орны мен оның бала тәрбиесіндегі рөлі – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Мұның өзіндік себептері де жеткілікті. Бүгінде отбасын асырау қамымен айлап вахтада жүретін әкелердің бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөле алмауы – ащы болса да шындық. Уақыттың тапшылығы мен тұрмыстық жауапкершілік салдарынан әке мен бала арасында ашық әрі шынайы диалогтың сиреуі байқалады.

Осыған орай Әкелер кеңесінің төрағасы Нұрбол Аманкелдіұлы әкенің басты міндеті ең алдымен бала тәрбиесіне айрықша мән беру екенін атап өтті. Оның айтуынша, материалдық қамсыздандырумен қатар балаға рухани жақындық пен әкелік жылу да аса қажет.

- Әрбір әке жұмыстан кейін уақытын телефон мен әлеуметтік желіге емес, ең алдымен балаға арнауы тиіс. Баламен ашық сөйлесіп, оның немен айналысып жүргенін біліп, бағыт-бағдар беріп отыру – әкелік парыз. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ата-аналардың көбі күндіз-түні жұмыста жүріп, баласының күнделікті өмірінен бейхабар қалып жатады. Мұның соңы түрлі келеңсіз жағдайларға алып келіп отырғаны жасырын емес. Біз әкелер рейдіне шыққан кезде түнгі сағат 23:00-ден кейін қараусыз жүрген жасөспірімдерді жиі кездестіреміз. Олардың арасында әкесіз өскен, отбасын асырау үшін анасына көмектесіп, түнде жұмыс істеуге мәжбүр болған жастар да бар. Алайда мұндай жағдай қалыпты үрдіске айналмауы тиіс. Ең алдымен тәртіп пен тәрбие болуы қажет.

Сондықтан жас буынға айтарымыз – мектеп қабырғасынан бастап білімге ұмтылып, спортпен шұғылданып, өнерге жақын болу. Дәл осы бағыттар олардың болашағына берік негіз қалайды,-дейді ол. Сонымен қатар жиынға қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудан бойынша бас сарапшысы Айнагүл Қосшықызы, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аяулым Азаматқызы және Отбасын қолдау орталығының әлеуметтік психологі Динара Талапқызы оқушылармен ашық форматта әңгіме өрбітті. Кездесу барысында олар өз өмірлерінен мысалдар келтіріп, тәжірибелерімен бөлісті. Оқушыларды толғандырған сауалдарға жауап беріп, қандай да бір мәселе туындаса, қысылмай келіп, көмек сұрауға болатынын да тілге тиек етті.

 - Оқушылар, тәрбие тал бесіктен басталатыны бүгінгі жиында да айтылып жатыр. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – әрқайсымыздың бойымызда болуы тиіс қасиет. Сәлемдесу – тәрбиенің алғашқы көрінісі. Мектеп қабырғасында болсын, сырттан келген қонақтарға болсын, ұстаздарыңызға болсын, әрдайым сәлем беруді ұмытпаңыздар. Бұл – сіздердің ізеттіліктеріңіз бен мәдениеттеріңіздің айғағы. Сондай-ақ біреуге қол көтеріп, құқық бұзушылыққа бармас бұрын терең ойланыңыздар. Ертең дәл сондай жағдай өз бауырларыңыздың басына түссе, қандай күйде болар едіңіздер. Сондықтан әр қадамдарыңызды саралап, саналы шешім қабылдауға тырысыңыздар,-деді облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты "Қоғамдық келісім" КММ аудан бойынша бас сарапшысы А.Қосшықызы.

Жиын соңында мамандар жеке сөйлесуге ниет білдіргендерге әрдайым қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізіп, осындай кездесулерді алдағы уақытта да жиі ұйымдастыруға әзір екендіктерін білдірді. 

А.Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT