Медицина саласында дәрігердің сенімді серігі, емдеу ісінің алтын арқауы саналатын мейірбикелердің орны ерекше. Олар үлкен жауапкершілікті арқалап, науқастың жанынан табылатын жанашыр жандар. Өзім де осы салада ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан медбике ретінде әріптестерімнің қажырлы еңбегін жақсы түсінемін. Ақ халатты абзал жандарды келе жатқан 12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күнімен құттықтай отыра, алғыс білдіруді жөн көрдім.
Бүгінде Жылыой өңірі қарқынды дамып келеді. Соның бір дәлелі биыл қыркүйек айында емхананың күндізгі стационар бөлімінің жаңа аурухана ғимаратына көшірілуі. Мұнда 14 палата, 43 орын қарастырылып, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы арта түсті. Бұл тұрғындар үшін үлкен қуаныш.Аталған бөлімде білікті дәрігерлер Алтынай Сұлтанова мен Толқын Төлетова, сондай-ақ өз ісіне адал мейірбикелер мен кіші медицина қызметкерлері қызмет атқарады. Жақында өзім де учаскелік дәрігер Ж.Жангереева мен невропатолог С.Ермұханованың жолдауымен осы бөлімде ем қабылдадым.
Медицина саласында елеулі еңбек етіп, қанша алғыс айтсақ та артық етпейтін жандардың бірі ретінде бөлімнің жетекші мейірбикесі Әйгерім Өтеумағанбетті айтар едім. Ол 2009 жылы Атырау медициналық колледжін үздік тәмамдап, еңбек жолында мол тәжірибе жинаған білікті маман. Бүгінде күндізгі стационарда жауапты қызмет атқарып, кәсібилігімен ерекшеленіп келеді. Отбасында ұл-қыз тәрбиелеп отырған өнегелі ана. Бұдан бөлек 1992 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мейірбике Шолпан Көшмағанбетованың да еңбегі орасан зор. Жаңаөзен медициналық колледжін тәмамдаған ол бүгінгі күні балаларына тәлім-тәрбие беріп, немере сүйіп отырған ардақты ана. Ұжымға жақында қосылған жас маман Гүлбақыт Жулаева да алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетеді деп сенеміз. Ол бала күнгі арманын жүзеге асырып, 2019 жылдан бастап медицина саласына бет бұрып, 2023 жылы Құлсары медициналық колледжін тәмамдаған. Бүгінде жас маман өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, жылы жүзді, еңбекқор маман ретінде көзге түсіп келеді. Төрт баланың анасы бола отырып, кәсіби жолын таба білген жан. Бұл ретте бөлім тазалығына жауапты кіші медицина қызметкерлері Қамажай мен Самалға да шынайы алғысымды білдіремін. Олардың еңбегі де ұжым жұмысының ажырамас бөлігі. Барша мейірбикелерді кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс, зор денсаулық және халықтың құрметіне бөлене берулеріңізді тілеймін.
Жаңыл Баеділова,
медицина ардагері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі


