Мамыр айының шуақты күндерімен қатар келетін қос бірдей айтулы мереке-Ұлы Жеңістің 81 жылдығы мен Отан қорғаушылар күні №8 жалпы орта білім беретін мектеп қабырғасында ерекше рухпен аталып өтті.
Болашақ ұрпақты отансүйгіштікке баулу, бабалар ерлігін жадында жаңғырту және әскери дайындыққа баулу мақсатында ұйымдастырылған «Жас мерген» әскери-патриоттық сайысы нағыз білек пен жүректің додасына айналды.
Салтанатты жиынның шымылдығы Отан үшін от кешкен боздақтарды еске алуға арналған бір минуттық үнсіздікпен және еліміздің Көк туын аспандатқан Әнұранмен ашылды. Мектеп директоры Салтанат Кульмжанова өзінің құттықтау сөзінде бейбітшіліктің бағасы мен жастардың бойындағы жауапкершілік туралы терең толғанысын білдірсе, шараның құрметті қонақтары-Германиядағы Кеңес Әскери Тобы және Варшава Келісім Шарты әскери тобы ардагерлері қоғамының өкілі Ешібай Құттығай Нұрбергенұлы мен Жылыой ауданы «Әкелер қоғамының» мүшелері жас ұрпаққа ақ баталарын беріп, ерлік дәстүрінің сабақтастығын тілге тиек етті.
Сайыс барысында 10 және 11-сыныптардан құралған 7 команда мергендік пен ептілік бойынша бақ сынасты. Әрбір қатысушының нысананы көздегендегі өткір жанары мен бойындағы сенімділігі нағыз болашақ сарбаздардың қасиетін паш еткендей болды. Сайыс шарты бойынша он бір оқтың әрқайсысы нысанаға дәл тиген сайын, жанкүйерлердің де делебесі қозып, жарыс көрігі қыза түсті. Экраннан көрсетілген тарихи бейнероликтер мен әуезді әндер жиналған көрерменді соғыс жылдарының қасіреті мен Жеңістің қуанышы арасындағы тебіреністі сәттерге жетелеп, мерекенің мазмұнын байыта түсті.
Шара соңында әділ төрешілердің шешімімен оқ бойы озық шыққан командалар мен үздік нәтиже көрсеткен «Жас мергендер» арнайы марапаттар мен алғыс хаттарға ие болды. Бұл тек спорттық немесе әскери жарыс қана емес, бұл аталар аманатына адалдық, егемен елдің ертеңіне деген зор сенімнің көрінісі болды. Осындай игі шаралар арқылы мектеп оқушыларының бойында Отанға деген шексіз махаббат пен батырлар рухына деген құрмет нығая түсері анық. Жеңістің шуағы мен бейбіт күннің аспаны мәңгілік болғай!


