Өткен аптада аудандық орталық кітапханада 1 мамыр – Бірлік күніне орай «Ынтымақ ырыс келтірер» атты мектеп оқушыларының арасында жас тілшілер байқауы өткен болатын. Аталған байқауда жүлделі бірінші орынды №7 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Ақторғын Мақсот жеңіп алды. Жеңімпаздың достық туралы туындысын оқырман назарына ұсынамыз.
Мен болашақ журналист ретінде күн сайын әртүрлі адамдармен сөйлесемін. Біреу жетістігін айтып мақтанады, екіншісі мұңын шағады. Бірақ барлығының әңгімесінен бір нәрсе анық байқалады: адамға адам керек. Сондықтан «Достық – өмір өзегі» деген тіркес маған әдемі сөз емес, өмірдің өзі сияқты көрінеді.
Репортаж: Бір күн – бір тағдыр
Жақында редакция тапсырмасымен қаладағы қарттар үйіне бардым. Онда 78 жастағы Қасым атамен сұхбаттастым. «Ұлым шетелде, қызым басқа қалада. Немерелерімді жылына бір рет көремін. Бірақ жанымда бір адам бар. Ол менің 50 жылдық досым - Мұхтар. Ол маған, қарттар үйіне келеді. Шахмат ойнаймыз, әңгіме-дүкен құрамыз. Ол барда мен жалғыз емеспін»,-деді Қасым ата. Сол уақытта түсінгенім, ақша да, атақ та, тіпті бала да жалғыздықтан құтқара алмайды. Құтқаратын – достық.
Ақпарат: Психологтар не дейді?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, тұрақты әлеуметтік байланысы бар адамдардың өмір сүру ұзақтығы 7-10 жылға артық. Гарвард университетінің 85 жылға созылған зерттеуі де осыны дәлелдейді: бақыттың басты кілті – жылы қарым-қатынас. Достық қазір қандай? Көшеде жүрген жастардан «сіз үшін дос деген кім?» деп сұрадым. Бірі «инстаграмда 2 мың фолловерім (тіркелушім) бар, солар досым» деді. Екіншісі «достық, яғни дос – түнде сағат 3-те телефон соқсаң, не болды? деп ұйқыдан тұратын адам-деді. Байқайсыз ба, айырмашылық жер мен көктей. Виртуалды лайк пен шынайы «жаныңдамын» деген сөздің құны бірдей емес. Біз ақпарат заманында өмір сүріп жатырмыз. Хабар лезде жетеді, бірақ жүрекке жылу жетпей жатады. Сондықтан болашақ журналист ретінде менің міндетім адамдарға шынайы құндылықтарды еске салу, себебі, жаңалық ертең ескіреді, ал достық ескірмейді.
Қорытынды
Мақала жазғанда, сұхбат алғанда, оқиға орнынан хабар таратқанда мен бір нәрсені ұқтым. Ең мықты сюжеттер – адамдар туралы. Ал адамның шынайы қалпы досының жанында ашылады. Достық ол – микрофонсыз сұхбат. Онда сценарий жоқ, монтаж жоқ. Бар болғаны – сенім мен адалдық. Осы екеуі бар жерде өмірдің өзегі берік болады. Болашақ журналист ретінде ойым: әр адамға дос ретінде қарап, достық ретіндегі әр мақаланы жүрекпен жазсақ, қаламның да, сөздің де құны арта береді екен. Өйткені достық бар жерде өмір бар. Ал өмір бар жерде жаңа тақырып, жаңа мақала, жаңа үміт бар.


