Атырауда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Жиында ел дамуының басым бағыттары, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік нысандар құрылысының маңызы талқыланды.
Кездесуге қатысқан ҚР Құрылтайының депутаты, Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің мүшесі Арман Хайруллин Президенттің бүкілхалықтық құрылыс жобасына қатысты пікір білдірді.
Депутаттың айтуынша, елдің дамуын үлкен үй салумен салыстыруға болады. Іргетасы қаланған Қазақстан енді даму жолындағы келесі кезеңге қадам басып отыр. Бұл ретте жолдар мен әлеуметтік нысандар салу, білім беру, спорт және мәдениет инфрақұрылымын дамыту – болашаққа салынған маңызды инвестиция.
Сондай-ақ ол еліміздегі демографиялық өсімді ескере отырып, жаңа әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік артып келе жатқанын атап өтті. Жыл сайын дүниеге келетін 300-400 мың сәбидің болашағы үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру маңызды.
Арман Хайруллиннің пікірінше, ауқымды құрылыс жұмыстары шағын және орта бизнестің дамуына да серпін береді. Отандық шикізат пен дайын өнімге сұраныс артып, жаңа өндіріс орындары ашылады. Сонымен қатар халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады.




