Бағдарлама қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және мектептердің төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.
Әр мектептен екі өкіл SAQ әдістемесін меңгеріп, теориялық және практикалық сабақтарды талқылауда. Сонымен қатар жаттықтырушымен бірге түрлі төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдерін пысықтап жатыр. Оқытуға Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары да қатысуда.


«Біздің міндетіміз — мұғалімдерге қауіпсіздік бойынша тек теориялық білім беру ғана емес, сонымен қатар мектептерде тікелей қолдана алатын практикалық құралдарды ұсыну. Балалардың төтенше жағдайлар кезінде өзін қалай ұстау керектігін біліп қана қоймай, нақты жағдайда дұрыс әрекет ете алуы маңызды. Сондықтан оқуға қатысушылар өз мектептерінің қауіпсіздік жоспарларын әзірлеп, кейін оқушыларға арналған сабақтар мен практикалық жаттығулар өткізе алады», — деді Caravan of Knowledge корпоративтік қорының бас директоры Дарын Сайынов.
Биыл жоба аясында алғаш рет мектептерге қаржылай қолдау көрсету қарастырылған. Бағдарламаға қатысатын 15 мектептің әрқайсысы 200 мың теңге көлемінде грант ала алады. Қаражатты қауіпсіздікті арттыруға бағытталған нақты шараларға, соның ішінде қауіпсіздік бұрыштарын жабдықтауға, қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарды сатып алуға, сондай-ақ шағын жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсауға болады.


Бағдарламаның тағы бір кезеңі облыстық эвакуациялық оқу-жаттығулар болады. Оның қатысушылары төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмдерін іс жүзінде пысықтайды.
SAQ жобасын Ұлттық волонтерлер желісі мен Caravan of Knowledge компаниясы Chevron компаниясымен серіктестікте жүзеге асырып жатыр.



