Атырауда 250 әйел сүт безі обырының алдын алу бойынша тексеруден өтті

«Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен Атырау қаласындағы №7 емханада «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы аясында ашық есік күні ұйымдастырылды. Әйелдер онколог-маммолог пен акушер-гинеколог дәрігерлерден кеңес алып, тексеруден өтті.

Акция аясында партияның қолдауымен облыстағы барлық емханада ашық есік күндері, диагностикалық тексерулер мен кездесулер өткізіліп жатыр. Мамандар сүт безі обырының алдын алу, скринингтен уақтылы өтудің және ауруды ерте анықтаудың маңызы туралы ақпарат беруде.

1e0472af 9621 4dcc 8c39 67873342a582

№7 емхананың профилактикалық бөлімінің меңгерушісі, дәрігер Мәдина Ахметқазиеваның айтуынша, медициналық мекемеде күніне шамамен 50 әйел маммографиялық тексеруден өтеді. Ашық есік күні 250 әйел дәрігерлерге қаралып, медициналық кеңес алды.

– Сүт безі обыры – әлемде әйелдер арасында ең жиі кездесетін қатерлі ісік түрі. Ресми деректерге сүйенсек, Атырау облысында осы диагнозбен есепте тұрған әйелдердің саны 800-ден асады. Оны ерте анықтау үшін профилактикалық тексерулер мен скринингтен тұрақты өтіп тұру қажет. Кейде әйелдер отбасы мен күнделікті тірлікті бірінші орынға қойып, өз денсаулығын кейінге қалдырады. Ал уақытылы тексерілу ауруды ерте кезеңде анықтап, емді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді. Сондықтан әр әйел денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмағаны жөн,— деді Мәдина Ахметқазиева.

60c0887a cf0c 484a 9a2a 246ca56408af

Ашық есік күніне келген тұрғындардың бірі – Гүлжихан Қарабалина.

– «Әділет» партиясы емханада ашық есік күнін өткізіп жатқанын естіп, тексерілуге келдім. Денсаулықты үнемі қадағалап, жыл сайын дәрігерге қаралған жөн. Мұндай ашық есік күндерінің маңызы зор, — деді ол.

eb21be06 c1a3 4725 8a8e 861cde699769

Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы Әйелдер қанатының жетекшісі Айгүл Әмірғалиеваның айтуынша, халықтың денсаулығы мен медициналық көмектің қолжетімділігі партияның сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі.

90b24fb4 a8d0 476c bd04 e892f7885988

– Әйел денсаулығын қорғау – қоғамның ортақ міндеті. «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы аясында партия ақпараттық кездесулер мен ашық есік күндерін ұйымдастырып, әйелдердің медициналық ақпарат пен мамандар кеңесін алуына жағдай жасауға атсалысып келеді. Басты мақсатымыз – әйелдердің өз денсаулығына уақытылы көңіл бөлуіне ықпал ету. Осы мақсатта Индер ауданына да іссапармен барып, әйелдермен кездестік. Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің ұжымымен, студент қыздармен де кездесу ұйымдастырдық. Бүгін №7 емханада ашық есік күнін қолға алып жатырмыз, — деді Айгүл Әмірғалиева.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT