Әскери қызмет бұл – Отан алдындағы борышты адал орындап қана қоймай, үлкен жауапкершілікті талап ететін салмақты жол. Ал әрбір әскери қызметшінің күнделікті қызметі қауіпсіздік пен тәртіпті сақтап, азаматтардың бейбіт өмір сүруіне тікелей байланысты. Бүгінде бұл салада саналы ғұмырын арнап, жылдар бойы адал тер төгіп жүрген азаматтар саны айтарлықтай көп емес. Өйткені әскери қызметті тек жүрегі елім деп соққан нағыз ерлер таңдайды. Солардың бірі – майор Алмат Айтуғанұлы.
Алмат Бөлекшурин мектеп қабырғасында білім алып жүрген кезінен бастап тәртіп пен жауапкершілікті алдыңғы орынға қойып, 2008 жылы №5 Абай атындағы орта мектепті аяқтаған соң, сол жылы әскери білім алуға шешім қабылдайды. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтынан алған жоғары білімі оның кәсіби негізін қалыптастырып, болашақ офицер ретінде шыңдалуына жол ашқан. 2013 жылы оқу орнын тәмамдаған жас маман теорияны тәжірибемен ұштастырып, қызметке араласты. Әскери өмірдің алғашқы кезеңдері кез келген офицер үшін үлкен сынақ алаңы екені рас. Алмат Айтуғанұлы үшін де бұл кезең қиын болғанымен, ол бұл қамалды бағындыра білді. 2015 жылдан бастап «взвод», кейін рота командирі ретінде сарбаздармен тікелей жұмыс істеді. Бұл қызметтер адамдармен жұмыс істей білуді, психологиялық төзімділікті, әділ шешім қабылдауды талап етеді. 2017 жылы Боралдай кентіндегі әскери бөлімде байланыс торабы саласына ауысып, қызметін осы бағытта жалғастырды. Байланыс жүйесі әскери құрылымда маңызды орын алғандықтан, бұл салада жауапкершілік те жоғары болған. Осы жылдар ішінде түрлі лауазымда еңбек етіп, радиоорталықтардың жұмысын ұйымдастыруға, техникалық тәртіптің сақталуына және мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға үлес қосты. 2021 жылдан бастап байланыс және радиоорталық саласында басшылық қызмет атқарды. 2024 жылы адал еңбегінің арқасында байланыс торабы бастығының орынбасары, қару-жарақ жөніндегі аға инженер лауазымына тағайындалды. Ал қазір майор Алмат Айтуғанұлы кәсіби білімін жетілдіру мақсатында өткен жылы Астана қаласындағы Ұлттық қорғаныс университетіне оқуға түсіп, бірінші курста білім алуда. Өзі туралы өзінен білгеніміз жөн болар. Отан қорғаушылар күні қарсаңында кейіпкерімізбен сұхбаттасқан едік. Темірдей тәртіп пен әскери өмір туралы ойын жасырмаған ол:
-Көп жағдайда мансап пен жайлы өмірді бірінші орынға қоятын жастардың әскери міндеттен қашуы – қоғам үшін қауіпті үрдіс. Осы ой маған да маза бермейді. Алайда, жігіттерге айтарым, әрбір ер азамат әскери ортадан өтіп, тәртіп пен жауапкершілікті сезінуі тиіс. Сонда ғана елге деген шынайы құрмет пен патриотизм қалыптасады. Бүгінде ер балалар әскери өмірдің қиындықтарына төзбейтін болып алды. Бұл – қазіргі өзекті мәселелердің бірі. Оны біз жасырмай айтуымыз керек. Елдің қауіпсіздігін, болашағын, тұрақтылығын ойлайтын әрбір жас әскери ортаны көріп, әскери тәртіпті сезіне білуі керек. Отан қорғаушылар күні еліне, жеріне адал қызмет ететін, әскери өмірдің қыр-сырын меңгерген, қай кезде болса да Отан үшін отқа түсетін азаматтардың мерекесі. Бұл мерекені әскери бөлімдерде жыл сайын атап өтеді. Сондықтан барша әріптестерім мен сарбаздарды бүгінгі мерекелерімен құттықтай отырып, антына берік, қызметіне адал болуларын тілеймін,-дейді өз сөзінде.
Қызметтен бөлек Алмат Айтуғанұлы қоғамдық өмірде де белсенді. Әскери бөлімдегі түрлі іс-шараларда ұйымдастырушылық қабілетімен көрініп, жас сарбаздарға үлгі болып жүр. Көп жылғы мінсіз қызметі елеусіз қалған жоқ. Ол Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің II, III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. Бұл марапаттары оның антқа адалдығының, ел алдындағы жауапкершілігінің нақты дәлелі. Ендеше, өзіңізге де мереке құтты болсын, майор Алмат Айтуғанұлы!
А.Ерденқызы


