17 қазанда Құлсары қаласында «Ешқашан кеш емес» жобасы аясында алғаш рет «Qazaqsha QUIZ» зияткерлік ойыны өтті. «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен, «Janasha» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен шара аға буын өкілдерінің басын қосып, білімдерін ортаға салуға, тапқырлықтарын танытуға және зияткерлік қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік берді.
Қазақша куиз қатысушылар үшін бос уақытты қызықты әрі мазмұнды өткізудің жаңа форматына айналды. Ойын барысында командалар қазақ тілі мен мәдениетіне қатысты сұрақтарға жауап беріп, логикалық ойлау, есте сақтау және жылдам шешім қабылдау қабілеттерін көрсетті.
Қатысушылар әр сұрақты бірлесе талқылап, ортақ шешімге келіп, өз білімдері мен өмірлік тәжірибелерін ұштастырды.
Жоба қатысушысы Мұстахима Малашқызының айтуынша, мұндай шаралар аға буын өкілдерінің күнделікті өміріне жаңашылдық әкеліп, олардың белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Зияткерлік ойындар ой-өрісті кеңейтуге, есте сақтау қабілетін жаттықтыруға және жаңа қызығушылықтар қалыптастыруға көмектеседі.
Тартысты өткен ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды «Қос ішек» командасы иеленді. Екінші орын «Аққу» командасына бұйырса, үшінші орынға «Жалын» командасы ие болды. Жеңімпаздарға сыйлықтар мен сертификаттар табысталды.
«Ешқашан кеш емес» жобасының негізгі мақсаты – 50 жастан асқан тұрғындардың белсенді өмір салтын қолдау, олардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту, сондай-ақ қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау. Жоба аясында қатысушылар үшін мәдени, танымдық, шығармашылық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Алғаш рет ұйымдастырылған қазақша куиз аға буын өкілдерінің жаңа бастамаларға қызығушылығын көрсетіп, жас ерекшелігіне қарамастан, білім алуға, ой-өрісті кеңейтуге және жаңа тәжірибе жинақтауға әрдайым мүмкіндік бар екенін айқындады.




