Ел экономикасына серпін берген

Жылыой өңірі туралы сөз болғанда көпшілік алдымен Теңіз кен орнын, мұнай өндірісін және ел экономикасына серпін берген ірі жобаларды еске алады. Алайда мұндай ауқымды өндірістердің артында сол жобалардың жүзеге асуына үлес қосып жүрген отандық кәсіпорындар тұрғанын көп жағдайда байқай бермейміз. Өндірістің үздіксіз жүруі, жолдардың салынуы, өндірістік нысандардың бой көтеруі, инженерлік желілердің тартылуы мен инфрақұрылымдардың қалыптасуы – осының бәрі мыңдаған маманның маңдай тері мен ірі өндірістік ұйымдардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Солардың бірі әрі бірегейі – бүгінде өңірдегі ең ірі өндірістік кәсіпорындардың біріне айналған «ТеңізМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Жуырда кәсіпорынның өндірістік базасында болып, жұмыс барысымен танысудың сәті түсті. Өндіріс алаңына аяқ басқан сәттен-ақ мұндағы қарбалас еңбек, жүйелі жұмыс пен өндірістік тәртіп ерекше әсер қалдырады. Алып техникалар үздіксіз қозғалыста. Бір жерде темір-бетон бұйымдары дайындалса, енді бір жерде металл конструкциялар құрастырылып жатыр. Заманауи жабдықтармен толықтырылған өндірістік цехтарда жүздеген маман еңбек етуде. Мұның бәрі кәсіпорынның жылдар бойы қалыптасқан қуатты өндірістік әлеуетін аңғартады.

«ТеңізМұнайҚұрылысы» компаниясының тарихы сонау 1995 жылдан бастау алады. Осыдан отыз жыл бұрын Теңіз кен орнында жабдықтаушы әрі мердігер мекеме ретінде құрылған кәсіпорын бүгінде Қазақстандағы мұнай-газ және құрылыс саласындағы көпсалалы ірі компаниялардың біріне айналып отыр. Компанияның қалыптасу кезеңдері еліміздің мұнай-газ саласының дамуымен тығыз байланысты. Алғашқы жылдары Теңіз кен орнындағы жобаларға қызмет көрсетуден бастаған ұжым кейін өндіріс көлемін кеңейтіп, жаңа бағыттарды игеруге кірісті. 2003 жылы кәсіпорын өзіне тиесілі карьерлерден алынатын инертті материалдарды өндіру және жеткізу жұмысын қолға алды. Құм, топырақ және қиыршық тас секілді құрылысқа қажетті материалдар Теңіз бен Қашаған кен орындарына тұрақты түрде жөнелтіліп отырды. Ал бұл өндірістік жобаларды қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 2006 жылы компания Атырау облысындағы құрылыс нысандары мен Теңіз кен орнын темір-бетон бұйымдарымен қамтамасыз еткен алғашқы жергілікті өндірушілердің қатарына қосылды. Өндіріс базасында бумен пісіру камераларымен жабдықталған темір-бетон бұйымдарын өндіру цехы іске қосылып, жергілікті құрылыс индустриясының дамуына жол ашылды.

Компанияның өндірістік мүмкіндігі артқан сайын жауапкершілігі де қатар өсті. 2007 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысына қатысып, еліміздің батыс өңірлерін байланыстыратын маңызды жобаларды жүзеге асыруға атсалысты. Атырау – Орал, Атырау – Ақтау, Атырау – Ақтөбе және Атырау – Астрахань автожолдарының құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына бас мердігер ретінде қатысу кәсіпорынның әлеуетін жаңа деңгейге көтерді. Бұл жолдар бүгінде толассыз адамның қатынауына, жүк тасымалының дамуына, өңіраралық сауда мен экономикалық байланыстың нығаюына қызмет етіп отыр. 2009 жылы компания жалпы ұзындығы 212 шақырымды құрайтын жоғары және орташа қысымды газ құбырларын жүргізді. Бұл – сол кездегі мұнай-газ саласындағы күрделі инженерлік жобалардың бірі болды. Ал 2012 жылы кәсіпорын Қазақстандағы стратегиялық маңызы зор жобалардың біріне айналған «Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбыры желілерін жаңарту жобасының бас мердігері болды. Бүгінде жалпы ұзындығы 1380 шақырым болатын мұнай құбырының 1232 шақырымы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жыл сайын шамамен 16 миллион тонна мұнай тасымалданатын бұл жүйе ел экономикасы үшін маңызды нысан саналады. Тендер нәтижесінде компанияға сеніп тапсырылған жоба мерзімінен бұрын аяқталып, 2016 жылы пайдалануға берілді. Жоба аясында құрылыс-монтаждау жұмыстары толық кешенде орындалып, материалдар мен жабдықтар жеткізілді, күрделі инженерлік өткелдер мен бұрғылау жұмыстары жүзеге асырылды. Ең бастысы – жұмыстардың барлығы жобалық талаптарға сәйкес толық орындалды. Сол кезеңде кәсіпорын Теңіз кен орнындағы Шаңырақ ықшамауданында су тазарту және канализациялық-сорғылау қондырғыларын орнату, іске қосу және қызмет көрсету жобасын да табысты жүзеге асырды. Бұл үшін арнайы бригадалар құрылып, құрылыс-монтаждау, электр монтаждау, дәнекерлеу, механикалық және зертханалық жұмыстар толық орындалды. Осылайша компанияның Теңіз кен орнымен байланысы жыл өткен сайын нығая түсті. Соның арқасында 2015 жылы кәсіпорын Теңіздегі қысқы жолдарды жөндеу, қайта жаңарту және жаңадан салу жұмыстары бойынша бас мердігер атанды. Ал кейінгі жылдары «Теңізшевройл» компаниясымен жасалған келісімшарттар негізінде автожолдар салу, жолдарды жөндеу және қалпына келтіру, қоймалар тұрғызу, бұрғылау алаңдарын дайындау, инертті материалдар жеткізу және сақтау бағытындағы жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Оған Құлсары – Теңіз, Дала жолы, Теңіз – Рипсера, Бұрғылау базасы және Сарқамыс сынды бағыттағы жолдарға жүргізілген құрылыс және жөндеу жұмыстары айқын дәлел.

Компания Теңіз кен орнында алпауыт өндіріс талабына сәйкес үш асфальт-бетон зауытын іске қосып, он жылдан астам уақыт бойы жол құрылысы саласында табысты еңбек етіп келеді. Бүгінде кәсіпорын қызметінің ауқымы өте кең. Мұнай және газ құбырларын салу, сорғы және компрессорлық станциялар тұрғызу, мұнай-газ кен орындарының инфрақұрылымдық нысандарын салу – компанияның негізгі бағыттарының бірі. Сонымен қатар автожолдар, көпірлер, жол-көлік айрықтары мен жол белгілерін орнату жұмыстары да тұрақты жүргізіледі. Азаматтық құрылыс саласында тұрғын үйлер, қонақ үй кешендері, қоймалар, кеңсе блоктары мен модульдік вахталық қалашықтар салынуда. Кәсіпорын қысқа мерзім ішінде өндірістік бокстар, қоймалар, көкөніс және астық сақтау қоймалары секілді өндірістік мақсаттағы нысандарды да тұрғыза алады. Сонымен бірге аркалы, шатырлы, тік қабырғалы ангарлар мен жеңіл болат конструкциялардан жасалған заманауи ғимараттарды жобалап, өндіреді. Өндірістің қуаты ең алдымен оның техникалық әлеуетімен өлшенеді. Бұл жағынан алғанда «ТеңізМұнайҚұрылысы» өңірдегі ең қуатты кәсіпорындардың бірі деуге толық негіз бар. Бүгінде алпауыт мекеменің бас директоры – Сембай Сейсенов. Ал кәсіпорынның іргетасының қалануына ерекше үлес қосып, өндіріс нышанының гүлденуіне ерен еңбек сіңірген азамат – Төкен Танаұлы еді. Ол «Теңізмұнайқұрылыс» акционерлік қоғамының президенті тізгінін ұстағанда, құрамында он сегіз басқармасы бар кәсіпорынның жұмысы баяулап қалған еді. Сол жылдары өз білімі мен парасаттылығының, біліктілігі мен іскерлігінің арқасында бұл қилы да қиын кезеңдерден Төкен Танаұлы сүрінбей шықты десек артық айтқандық болмас.

Компанияның өзіне тиесілі асфальт-бетон зауыты, темір-бетон бұйымдарын өндіретін цехы, металл құрастыру өндірісі, құрылыс зертханасы, мобильді механикалық өңдеу кешендері жұмыс істейді. Құбырларды салқын әдіспен кесу, гидростатикалық және пневматикалық сынақтар өткізу, өндірістік құрылғыларды тазалау, монтаждау және дәнекерлеу секілді күрделі жұмыстарды өз күшімен атқарады. Атырау қаласы мен Теңіз кен орнындағы теміржол тұйықтары мен қоймалар материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жеңілдетсе, кәсіпорынға тиесілі карьерлер құрылыс материалдарымен үздіксіз қамтуға мүмкіндік береді. Міне, осындай өндіріс орнын аралау барысында бір нәрсеге ерекше назар аудардық. Мұнда тек өндірістік нысандар ғана емес, еңбек адамдарына қолайлы жағдай жасау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Компания тұрғын үй модульдерін, медициналық пункттерді, асханаларды, демалыс орындарын, кеңсе ғимараттарын және спорт залдарын дайындап, монтаждайды. Өйткені өндірістің табысы ең алдымен адам еңбегімен өлшенеді. Бүгінде кәсіпорында өз ісінің нағыз шеберлері еңбек етеді. Инженерлер, механиктер, құрылысшылар, дәнекерлеушілер, жүргізушілер мен өндіріс мамандары ондаған ірі жобаның жүзеге асуына өз үлесін қосып келеді. Осындай кәсіпорындардың арқасында ауданымызда жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті мамандардың тәжірибесі артып, өңір экономикасының әлеуеті артуда. Компания жүзеге асырып жатқан инфрақұрылымдық жобалар ауданның ғана емес, бүкіл облыстың дамуына қызмет етуде.

Бүгінде «ТеңізМұнайҚұрылыс» – Теңіз жобасының сенімді серіктесі, өңір өндірісінің тірегі және жергілікті кәсіпкерліктің табысты үлгісі. Отыз жылға жуық уақытта қалыптасқан тәжірибе, қуатты өндірістік база және білікті мамандар ұжымы компанияның алдағы уақытта да жаңа жетістіктерге жетіп, ел игілігі үшін еңбек ете беретініне сенім мол. 

Диана ЕЛЕУСІН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT