Әрине, қалам кеміріп, қағаз шимайлайтын сөзшалыққа ұшыраған жанның баспасөз саласында қызмет атқаруға ұмтылысы – табиғи һәм адами заңдылық. Әріптестеріңе танылу, өзіңді жетілдіру, оқырманыңа мойындалу, қабілетіңді шыңдау – басты мұрат. Сонда ғана асығыңның алшысынан түсетіні аян. Ол кезде тілшілердің беделі биік, мәртебесі жоғары болатын. Дүкен сөрелеріне түспейтін, қасқалдақтың қанындай қат қызыл құйрық «Қазақстан» шылымын сауда мекемесі басшыларының «ішірткісімен» қоймалардан алып тұруларына мүмкіндіктер болды. Қосымша табыс - басқа басылымдарда жарық көрген мақалаларына қаламақы төленетін. Егер сын жарияланса өндіріс, шаруашылық басшылары орын алған олқылықтарды жою бағытындағы өздері қабылдаған шешімдерін жолдап, жауап жазатын. Ол мына дүниеде шындық, әділдік, ақиқат барына сенетін адалдау һәм аңғалдау кезіміз еді. Қай кезде де баспасөз қоғамдық пікір қалыптастырудың қуатты құралы болатын. Мәтіннің астарын аударып оқу бұрыннан бар еді. Ақиқатты астарлап айту шеберлігі қалыптасқан кезде өмір сүрдік.
Мектеп қабырғасында жүргенде алғашқы өлеңдерімді тасқа басқан аудандық «Ембі» (Қазіргі Кең Жылой) газетіне менің де бір бүйрегім бұрып тұратын. Бірақ редактор Мұңал Далбаевтың мен туралы «Ол шынжыр балақ, шұбар төстің тұқымы ғой» дейтінін білетінмін. Социалистік қоғамда бұл менің болашағыма шығарылған үштіктің үкіміндей естілетін. Бірақ бәрі де орайымен осылай оңынан оралады деп ойламадым. Бұл кезде ұстазым болған, қамқоршыма айналған Темірхан Байсырымов ағайымның қарауында нәпақамды тауып жүргенмін. Жұмысым жайлы, жалақым жақсы, жаным тыныш. Әрине, ауаға жайылып кететін кездерім де бар. Әлқисса, ат мініп, атан қомдап өскен, шопан ағасына көмекші болып жүрген құрдасым қоңсы отырған малбегінің қызын алып қашып, мен қызығына қашып... апта аралатып үйге келсем анам абыржып, әкем ашуланып отыр екен. Осы аралықта мені табалдырығынан аттап көрмеген аудандық партия комитетінің өкілі іздеп жұмыс орнымнан жаушы келіпті. «Ембі» газеті редакциясы кеңсесіне шақырылыппын. Жиырмадан асқанша азаматтық болмысым қалыптасып болмаған ба, жиірек желдеп кететінім бар еді. Ал, ата-ананың алаңдауы мүлдем бөлек қой.
Екі өкпемді қолыма алып аудандағы жалғыз басылымның кеңсесіне жеттім. Бассаң сыңси жөнелетін ескі еденін еңіретіп қабылдау бөлмесінің есігін ашсам алақандарын ысқылап Болат Дәулетов пен Қаржау Оразбаев сенделіп жүр. Мені көріп езулері екі құлаққа ілініп ерекше қуанды. Редактор жұмыс уақыты аяқталса да мені күтіп отыр екен. Айың оңынан туайын десе оңай екен. Ақ суыртпақ жүгірген қара шашты шалқасынан шашау шығармай қайырған, әйнегі қалың күлгін түсті көзілдірік таққан, кеңсе қызметкеріне тән жинақы киінген, ине – жіптен жаңа шыққандай елу беске келсе де еңсесін тік ұстаған егде адам жүзіме барлай қарап, жөткірініп алды да, жәй дауыспен:
- Қайда жүрсің, қарағым?- деді. Сосын кідірмей сөйлеп кетті.
- Бізде әдеби қызметкердің орны босап, байқау жариялағанбыз. Соған жазуға қабілетті, бұрыннан қалам қарымдарымен танылып жүрген Аман Жанкеев, Меңдібай Сүмесінов, Мейрамбай Ғазымов үміткер ретінде тіркелді. Бірақ, жігіттердің шөбі саған түсіп тұр. Мен қарсы болмадым. Келіссең қазір бұйрық дайындаймын.
Бұл мен үшін тіпті күтпеген жаңалық болатын. Бота тірсек, бозбала кезіндегі арманым айқара құшақ ашып, айпара көңілмен аяқ астынан алдымнан шықты. Тілім байланып қалғандай, үнсіз бас изей бергенім есімде.
–Жалақың бұрынғы жұмыс орныңдағыдан төмен болады, - деді Мұңал Далбаев әңгімесін жалғап,
– «Шілдеде шопандар тойы өтеді, ақындар айтысына «Қосшағыл» совхозының парткомы Құлмұқан Төремұратов сені қалап отыр. Қарсы болмайтын шығарсың? Онда қызметіңе айдың ортасын аудара кірісесіз. Жұмағызды шақыршы». Ішке енген хатшы қызға бұйрықтың мәтінін ауызша айтып:
- соңына аудандық партия комитетімен келісілген, – деген сөз қосты. Маған қарай бұрылып: - Арақ ішесіз бе?- деді.
–Достарымның ортасында отырғанда,- дедім өтірік айта алмайтын әдетіммен. Қабағы сәл түйілгендей болған Мұқаң:
– Жігіттерді жерге қаратпассың,- деді. Сонда ғана есік алдында елеңдеп жүрген екеу - Болат пен Қаржау есіме түсті. Желдің қайдан соққанын да енді түсіндім.
Басшымыз Мұңал Далбаев сынық мінезді, сыпа кісі болатын. Редакцияда әр қызметкер өзінің қандай іс атқаратынын анық білетін жүйе қалыптасыпты. Әрине, алғашында маған оңай болған жоқ. Мұхтар Әуезов пен Әбіш Кекілбаевтың хикаяттары жаныма жақын, мен құрмалас сөйлемдерге құмар едім. Сөздік қорымды сүзгіден өткізуге тура келді. Ол кезде қазақ жастарының жүрегін жаулаған «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде Оралхан Бөкейдің тіл оралымы өзгеше, асқар Алтайдың ну орманындай екінің бірінің қабылдауына оңай соқпайтын ойлы мақалалары жиі жарияланатын. Мен де еліктейтінмін. Сондықтан да алғашқы жазбама «Мөлтек сыр» деп айдар тақтым. Жарық көрген соң кезекші болған Қаржау: - «Мөлтек сырыңды» редактордан әрең өткіздім. Бұл партиялық газет, сондықтан ет жүрегіңді елжіретер лирикаңды қажет етпейді – деді. Бірақ бетіме мұздай су шашып жібергендей әсер етті. «Неге?» деген сұрақ көкейімде кетті. Бәрі бір жауап ала алмас едім. Сонымен алғашқы тапсырма алатын күн де келіп жетті. Дүйсенбі күнгі кезекті лездемеден соң Мұқаң мені алып қалды.
- Қазір жеке үйлер көп салынуда, сонымен қатар жол құрылысы мекемелерінің жұмысы да қарқынды жүруде. Сол үйлердің іргелігіне қажетті қиыршық тасты қайдан алады? Соны зерттеп, зерделеп, мақала дайында,- деді де бір күрделі жұмыстар атқаратын іргелі мекеменің атын атады. Ертелетіп барсам бастығы күтіп отыр екен. Ол бір мұрнынан құрт ыршыған мықты болса керек, ірі сөйлеп, ірі турайтыны көрініп тұр. Бірақ маған мінез көрсетпей жылы қарсы алды. Екеуміз шақырымдарда шайнамай жұтатын көкқасқамен нысандарды аралап, ол маған түсіндіріп, мен шалалау ұғып, түстікке көлікпен үйге жеткізіп тастады. Ауқаттанған соң көлік күтіп отырсам қара телефонның біреу біз сұғып алғандай безілдей жөнелгені. Тұтқаны көтерсем Мұқаң екен: - Бүркіт, әлгінде үйге келсем менің шарбағыма бір машина қиыршық тас төгіп кетіпті. Ол мекемеге енді бас сұқпай-ақ қой,-деді. Осындай орайсыз жағдайлар болып тұратын, менің алғашқы журналистік тергеуім осылай сәтсіз аяқталды.
Мұқаңмен арамызда жылымық ауа райының қалыптасуына менің кітапқұмарлығым ықпал етті. Оның бөлмесінде «Халықтар достығы» сериясымен жарияланатын он бес республиканың айтулы қаламгерлерінің шығармалары жинақталған, шағын да мазмұнды кітапхана болды.
Шамасы редактор қабылдауында болғанда мен сол кітаптарды көзіммен шолып отырғанымды байқайтын болса керек, кейде үстел үстінде безендірілуі бөлек, әдемі өрнектелген авторының атынан ат үркетін қалыңдығы қарыс шығатын шығармалар жатыр еді. Үңілген сәтімді бағып отырған Мұқаң: - Оқығың келсе бір аптаға ала қой, - дейтін жылы шыраймен. Алғаш қолыма тигені орысша қалам тербейтін Пулат Темиров атты өзбек қаламгерінің кітабы еді. Екі аптадан кейін кеңсеге алып келіп, бастығымның қолына тапсырдым. Үнсіз алып қалды. Арада айға жуық өткенде әлде бір шаруамен шақырып, әңгімеміз аяқталған соң ол:
–Осы Тимур Пулатовтың хикаяттарын алып едің, әсерің қандай? – дегені. Мен өзімше «Басқа да елді мекендер» - деген шағын шығармасының біздің өлке үшін өзекті екенін, әсіресе, Биікжал мен Мұнайлы кенттерінің болашағы негізінде түсіндіріп шықтым. Менің талдауым оған ұнаған сияқты. Иә, ол менен отыз жас үлкен еді, сондықтан ортақ әңгімеміз осы одақтық әдебиет төңірегінде өрбитін. Әрине, қазақ қаламгерлері де тыс қалмайтын. Мұқаңның талғамы биік, сөз өнеріне деген кірпияз көңілін ұққанда қатты таң қалдым. Ол мысалы, сол кезде атағы аспандап тұрған Сәбит Мұқановты, өзіне жамағайындығы бар Ғабдол Слановты, досы Берқайыр Аманшинді классик жазушылар қатарына қоспайтын, қатардағы қарапайым қаламгерлер деп бағалайтын. Ал. Зейнолла Қабдоловтың сары майдан қыл айырған айшықты тілін мақтап отыратын. Кейін аңғарсам Мұқаң қызметке қабылдағанда да алақандай ауданда жағырапия мен өмірнамаға ерекше назар аударып, тепе-теңдік сақтауға тырысады екен. Қаржаубай Сұлтанғалиұлы – Шоқпартоғайдан, Айтуар Өтегенов – Ақкиізтоғайдан, Тементай Әділханов – Қаратоннан, Қуаныш Ержанов – Қосшағылдан, Бисенбай Бигелдиев –Тұрғызбадан, Сапарбек Сәрсенов пен Айтқали Бекетов Құлсарыдан –бұл оның талабы мен талғамының тазалығын аңғартса керек. Ол талағының биті бар талантты жігіттерді бірден аңғартатын. Бұл күнде Атыраудың белді журналисі атанған Меңдібай Сүмесіновтің алғашқы жазбасының мұрты бұзылмай жариялануына тікелей ықпал етті. Мектеп қабырғасында жүргенімде талай өлеңімнің жарық көруіне қол қойған тарлан ғой.
Кезекті баспасөзге жазылу науқанынан кейін арамыз сәл жақындай түсті. Себебі мен Мәскеуден шығатын «Новый Мир» журналы мен «Литературная газетаға» жазылған едім. Менің әдеби талғамым мен өремді байқағысы келді ме, орыс, қазақ әдебиетіндегі ағымдар туралы ой бөліскеніміз есімде. Бұл кезде мен Виктор Шкловскиймен ауырып жүргенмін. Ал, Шыңғыс Айтматов, Валентин Распутин, Василь Быков, Василий Беловгорға баға бергенде Мұқаңның коммунистік көзқарасы айқын аңғарылатын. Себебі ол өз заманының адамы, өзі өмір сүрген уақыттың маманы болатын. Бірақ білімдарлығында шек жоқ еді. Үнемі түсіністікпен қызмет атқардық деп есептемеймін. Шалдың баласына ғана жарасатын шәлкестеу мінезім, шалқақтау көкірегім бар, еркін ойлы болмысым қосылғанда шеңберден шығып кететін кездерім жиі кездесетін. Ақыры сол сегіз сағаттың еңбек тәртібіне көндіге алмай-ақ қойдым. Тыңнан түрен тартып, сойылдан соқпақ салуға тырысатын әдетіммен осы газетте «Теңге», «Ота», «Құжат» сөздерін алғаш қолданысқа енгіздім. «Теңгені» өзбек атауы деп қабылдамады. «Ота» мен «Құжатты» белінен бір сызды. Бірақ уақыт бәрін өз орнына қойды. Шындық түбі келеді, тек үнемі кешігіп жүреді. Ол үшін өкпелеген жоқпын.
Алпысыншы жылдары ұлт болып қайта қалыптаса бастаған қазақ халқының болмысына жегіқұрттай желім боп жабысқан тағы бір жау келе жатқан. Ол орыстың арағы еді. Әсіресе, біздің өңірімізге бұл дердеңдеп енді. Оразасын осы ащы сумен ашатындар көбейді. Одан біз де шет қала алмадық. Тіпті арақты ақтау үшін біздің ағайын «Шабыттың жанармайы» деп атай бастады. Мұқаң дегдар мінезімен бұл алапес аурудан аулақ болған аз ғана адамның бірі және бізге де түсіністікпен қарағанына бүгін ризалық көңілімді айтар едім. Иә, оның да өзінің жақсы көретін тілшілері болды. Әсіресе, ұлы еңбектің топай көгі, қай тапсырманы да тиянақты орындайтын Қаржау Оразбаев пен жүрісінде, күлкісінде өзіне ұқсастық бар, адал азамат өзі қызметке шақырған Айтқали Бекетовке деген ыстық ықыласын аңғаратынбыз. Өз қолынан томағасын сыпырып, балақ бауын шешіп, қияға қанат қақтырған үш қыраны – Бейнеу ауданы басылымын басқарған А.Өтегенов, Мақат ауданының газеті редакторы Қ.Сұлтанғалиев, өзінің орнына қалдырған Б.Дәулетов сенім үдесінен шықты. Шығып қойған жоқ, қабырғалы қаламгерлерге айналды. Тәуелсіздіктен кейін осындай лауазымға көтерілгендер арасынан парасаты мен пайымы қатар өрілген, ұйымдастыру қабілеті ерекше Айтқали Бекетов есімін айшықтап атар едім.
«Ақырып арыстан, бақырып бастық болмайды». Б. Момышұлының сөзінің мәнісін де ұғындырған Мұңал болатын. Оның кеңірдегін көріп, өңдіршегін үзіп біреуге ұрсып жатқанын да естімеппін. Биязы мінезі, сыпайы болмысынан болар деп ойлаймын.
Бұрын айтқанмын: Мемлекет те, мекеме де басшысына тартады- деп. Ақиқаттан ауытқи қойған жоқпын. Қазір де айналаңызға абайлап қараңыз, анық көзіңіз жетеді. Мұқаң аудандағы аз ғана абыройлы басшының бірі еді. Сондай-ақ қиын кезде кеудесін оққа төсеп, жауапкершілікті өзіне алуға жігері жететін. 1983 жылы мамыр айының үшінші он күндігі бастала менен жауап алуға мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің майоры, аймақтық бөлімінің өкілі келді. Ол кезде ондай өкілмен кездесу, сөйлесу өте қауіпті, ал, жауап алса тағдырыңның талқан болғаны. Будапешт университетінің профессоры, шығыстанушы Қоңыр Мандоки Иштуанның хатынан үзінді жарияланған болатын. Сондағы Машарстандағы қазақ рулары мен аттас жер атаулары маған бәле болып жармасып, аяқ астынан халық жауы атанып кете жаздадым. Жұма күні тігілген хаттың түпнұсқасын кейін анықталғандай бір бөлмеде отыратын әріптес ағам ұрлап алып, басыма қара бұлт үйірілді. Сонда Мұқаң:
– Ол хатты өңдеп жариялауға мен тапсырма бердім. Сондықтан мен жауаптымын. Табылып қалар, іздейік, ақырын күтейік,- деді. Иығымнан бір жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Үндемес Кеңсенің қызметкеріне екінің бірі олай айта алмас еді... Ертесіне қызметтен өз еркіммен шығып, Маңғыстауға аттанып кеттім. Ал, хатты ұрлап алған ағам аяғын алшаң басып арамызда аман жүр. Аман болсын. Мұқаң тоқыраудың толықсыған кезінде ауданның рухани ауа райын қалыптастырған ұжымды шашыратып алмай, уысында ұстаған ұстаз. Ол бастық болған жоқ, оркестрдің дирижері міндетін атқарды. Сырнай мен домбыраның, қобыз бен скрипканың даусын айқын аңғарып, бір ырғақта ойнауын қамтамасыз еткен даңғайыр дарын. Орталық компартия коммитетінің хатшысымен шай ішкен бірегей аудандық газеттің бүкілодақтық сыйлық алуына ықпал еткен республикадағы беделді редактор, ең бастысы талапты буынның қаламын шыңдаған тәлімгер. Мен де он жылдай сүрініп жүріп, бүлініп жүріп, күбініп жүріп өз ортама оралдым. Қарындасым тұрмысқа шығып жатса да телекомпанияда бас редакторлығымды пайдаланып, 1996 жылы әкімшіліктің мәжіліс залында өткен 70 жасқа толған мерейтойын көгілдір экраннан көрсеттім. Бейнетаспаға басып бердім. Өмірден озған соң рухына бағытталған еске алу дастарханын жүргіздім. Басқа қолымнан не келер еді?!
Қарамағында қызмет істеп жүргенде қалыпқа сыймайтын мінезіммен талай жүйкесінде ойнап, жүрегіне жүк түсіріп едім, сол үшін сұраған кешірімім болар! Кешірді ме екен?!
Оның ғұмырнамасы аудан тарихының тағылымды тарауымен тағдырлас екенін енді сезініп отырмын. Ел есінде болмаса да, шәкірттерінің жүрегінде сақталуға тиісті есімдер болады. Мұңал Далбаев соған лайық тұлға деп бағалаймын! Таң алдында шолпан жұлдыз сөнерде бозамық тартқан аспанда құс жолы шашылып жататын. Сол түс, сол сәт маған Мұқаңның болмысын елестететін. Мүмкін, ол Болат пен Қаржаудың сөзіне еріп, өз ұстанымын жеңіп мені қызметке қабылдамағанда қазір қай салада жүрерімді елестете алмаймын. Ендеше, ол менің тағдырымды қалыптастырған адам деп бағалаймын. Он бес жыл редактор болғанда оның қыран қанатының астынан қанша қабілетті жас ұшып шықты екен. Бәрі де қазір Мұқаңның рухына дұға бағыштап, алғыс айтып жүргеніне сенімім мол!
Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз мамық болсын, Аға!
Бүркіт Базарбаев,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі



