Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Атырау облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев өңірдің БАҚ өкілдерімен кездесті. «Қоғамға шынайы ақпаратты журналист жеткізеді» деген Мадияр Бекенұлы кәсіби журналистиканың қоғам өміріндегі айрықша маңызына тоқталды.
Облыс прокурорының айтуынша, бүгінгі ақпарат тасқынында жалған әрі бұрмаланған мәліметтер жиі кездеседі. Осындай жағдайда ақиқаттың қайда екенін саралап, елге дұрыс ақпаратты жеткізу – журналистердің басты міндеті. Сондықтан бұл мамандық иелеріне қойылатын талап та, жүктелер жауапкершілік те жоғары.
– Біз сіздердің жариялаған әрбір материалыңызды назардан тыс қалдырмаймыз. Өйткені журналистер халықтың көкейіндегі мәселелерді көтеріп, қоғамда болып жатқан өзекті жайттарды мемлекеттік органдарға жеткізеді. Бұл ортақ мақсатқа қызмет ететін маңызды жұмыс, — деді Мадияр Бекенұлы.
Кездесу барысында өңірде Президент айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, мектептерде қолға алынған «Құндылықтар бесминуттығы» жобасы, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Жайық өзенінің жағалау аумағын құқықтық тұрғыдан реттеу және көгалдандыру бағытындағы бастамалардың маңызы айтылды. Облыс прокуроры бұл жұмыстардың нәтижелі жүзеге асуына бұқаралық ақпарат құралдарының да елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.
Өз кезегінде облыстық прокуратураның ресми өкілі Айгүл Есенғожина журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, прокуратура мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара әріптестігі қоғамда заң мен тәртіп қағидатын орнықтыруға, тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға қызмет ететінін айтты. Сондай-ақ ақпараттың уақытылы әрі түсінікті берілуі құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы маңызды тетіктердің бірі екенін атап өтті.
Мерекелік жиында ақпарат саласының бір топ өкілі Атырау облысы прокурорының Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты сәтте журналистиканың қоғам айнасы ғана емес, заң үстемдігін нығайтуға, құқықтық тәртіп пен әділдік қағидаттарын орнықтыруға қызмет ететін маңызды қоғамдық институт екені атап өтілді.
БАҚ өкілдері атынан «Атырау» телеарнасы директорының орынбасары Бағдат Ізмағанбетов, «Атамекен» телеарнасының меншікті тілшісі Әлия Жамитова және «Азан» бағдарламасының редакторы Эльвира Рақымжанқызы сөз сөйлеп, көрсетілген құрмет үшін алғыс білдірді. Олар прокуратура мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара сенімге негізделген әріптестігі қоғам мүддесіне қызмет ететінін атап өтті.
Нұрайби БАЙНҰР






