«Қаламымен елге қызмет еткен тұлға»

Журналист – уақыттың шежірешісі. Ол күнделікті өмірдің жаңалығын ғана емес, дәуірдің тынысын, қоғамның үнін, халықтың мұңы мен қуанышын хатқа түсіріп, келер ұрпаққа аманаттайтын абзал мамандық иесі. Сондықтан қазақ «Сөз түзелсе, ел түзеледі» деп бекер айтпаған. Қаламның қуатын елдің игілігіне жұмсаған азаматтардың еңбегі қай кезде де қадірлі. Осындай ардақты мамандық иелерінің кәсіби мерекесі – 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында ауданымызда ел руханияты үшін маңызды тағылымды шара ұйымдастырылды.

Аудан жұртшылығы бұл күні КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық баспасөздің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан, байырғы «Ембі», бүгінгі «Кең Жылой» қоғамдық-саяси газетінде он бес жыл бойы бас редактор қызметін абыроймен атқарған белгілі журналист Мұңал Далбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Қаламымен елге қызмет еткен тұлға» атты әдеби-сазды еске алу кешіне жиналды. Бұл шара – аудан журналистика саласы тарихына тағзым, сөз өнеріне көрсетілген құрмет, өңірдің рухани өміріне өлшеусіз еңбек сіңірген қаламгерге деген халықтың ықыласы мен ілтипатының көрінісі болды. Кеш шымылдығы Мұңал Айжарықұлының өмір жолы мен шығармашылық ғұмырын баяндайтын арнайы бейнероликпен ашылды. Онда журналистің өмір белестері, еңбек жолы, қоғамдағы орны мен шығармашылық мұрасы кеңінен көрсетіліп, көрерменге ғасырлық ғұмырдың тағылымы ұсынылды.

Әдеби-сазды кеш барысында Д. Сарованың орындауында «Жылыойға сәлем», Қ.Жұмағалиевтің орындауында «Аққу» күйі, бұдан бөлек, «Бұлбұл», «Әнші дауысы» секілді ән-күйлер орындалып, Тементай Әділханов пен Мақсат Қоразбаевтардың әріптес ағаларына арнап жазған «Қан майданда ұшталды қаламсабы», «Ағамен сырласу» шығармалары оқылып, Мұңал Далбаевтың «Әке сыры» мақаласынан әсерлі монолог сахналанды. Осы арқылы қаламгердің өмірі мен шығармашылық әлемі көркем сөз және өнер тілімен өрнектелді. Тағылымды шараны ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын-жазушы Бүркіт Базарбаев жүргізіп, ол бұл күннің Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келуінің символдық мәні ерекше екенін атап өтті. Өйткені журналист қоғамдағы өзгерістерді дер кезінде халыққа жеткізетін, ақиқаттың шырағын өшірмей, елдің сөзін сөйлейтін, қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал ететін маңызды тұлға. Әсіресе аудан журналистикасы – өңірдің шынайы шежіресін жасап, елдің еңбек адамдары мен тарихи тұлғаларын кейінгі ұрпаққа танытып келе жатқан рухани мектеп екені рас.

Салтанатты кеште аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланұлы құттықтау сөз сөйлеп, Мұңал Далбаевтың аудан руханияты мен журналистикасына сіңірген еңбегіне жоғары баға берді. Кейін Мұңал Далбаевтың шығармашылық мұрасын жинақтаған екі бірдей кітабының тұсаукесері өтті. Алғашқысы – қаламгердің «Мақалалар жинағы» кітабы. Бұл еңбекте тілшінің әр жылдары жазған түрлі жанрдағы мақалалары, очерктері, әңгімелері мен фельетондары топтастырылған. Жинақ арқылы Мұңал Айжарықұлы өмір сүрген дәуірдің тынысын, сол кезеңдегі идеологияның ерекшелігін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және аудандық журналистиканың қалыптасу тарихын терең тануға мүмкіндік бар. Сонымен бірге кітапта қаламгердің ұзақ жылдар бойы «Кең Жылой», бұрынғы «Ембі» газетінің бас редакторы ретінде басылымның беделін көтеріп, аймақ баспасөзінің дамуына қосқан зор үлесі айқын көрініс тапқан. Ал «Қайраткер һәм қаламгер» атты екінші кітабында Мұңал Далбаевтың өмірбаяны мен шығармашылық жолы кеңінен қамтылған. Басылымға журналистік жолжазбалары, Алматыдағы ақын-жазушы достарымен жазысқан хаттары, әріптестерінің естеліктері енгізілген. Сонымен қатар қаламгердің ізбасар інісі, Жылыойдың бас геолог-барлаушысы Омар Далбаев пен мемлекеттік қызмет ардагері Қанабек Далбаев туралы деректер де топтастырылған. Сол себепті бұл еңбектерді бір әулеттің ғана емес, тұтас бір өңірдің тарихын зерделейтін құнды мұра деп айтсақ артық болмас. Кітапты құрастырып, баспаға дайындаған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Ербол Қошақанов еді. Шара барысында ол да әріптес ағасының еске алу кешінде сөз сөйлеп, кітаптардың мазмұнымен және олардың жарыққа шығу тарихына тоқталды. Бұл ретте «Мақалалар жинағы» кітабының тұсауын ауданның Құрметті азаматтары Қонаш Қалдыоразов пен Нұрдаулет Ақназаров кесті. Ал «Қайраткер һәм қаламгер» кітабының тұсауын Болат Дәулетов пен Ербол Қошақанов кесіп, көпшілікке жол тартуына ақжарма тілектерін білдірді. Іс-шара тізгінін ұстаған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бүркіт Базарбаев өз сөзінде:

–1971 жылдан 1986 жылға дейін аудандық газетті басқарған Мұңал Далбаев тек бас редактор ғана болған жоқ. Ол – Жылыой журналистерінің ұстазы, әкесі, жолбасшысы, көшбасшысы болды. Сондықтан бұл еске алу кеші қаламгердің 100 жасқа толуына байланысты атын тірілтіп, әруағын тербетіп, естеліктер айту, сол кісінің еңбегі арқылы жас ұрпаққа сол кезеңнің рухани әлемін жүректеріне сіңіру бағытындағы шара ретінде ұйымдастырылды, – деп қаламгердің өңір журналистикасындағы тарихи орнын ерекше атап өтті.

 Шараға Мұңал Далбаевтың ұл-қыздары, туған-туыстары, көз көрген әріптестері мен шәкірттері қатысып, залға жиналған жұртшылық ине шаншар орын қалдырмады. Бұл ретте журналистің ұлы Асқар Далбаев та сөз алып, әкесінің еңбегін ұлықтауға атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.

-Әкеміздің әріптестері келіп, естеліктерімен бөлісіп жатыр. Ол ұзақ жыл аудандық газеттің редакторы болып еңбек етті ғой. Сол жылдары жазған көптеген мақалалары бүгінде кітап болып жарық көрді. Сонымен қатар Құлсары қаласында Мұңал Далбаев атындағы көше ашылып, оның рәсімі өтті. Бұл – әкеміздің еңбегіне көрсетілген зор құрмет. Сондықтан мен бұл күнді ұмытпаймын – деді ол. 

Кеш барысында әдеби-сазды кештің өтуіне мұрындық болған азаматтар марапатталып, тағылымды шараның мазмұны толыға түсті және қаламгер рухына көрсетілген құрмет мұнымен шектелген жоқ. Аудан орталығы Құлсары қаласында Мұңал Далбаевтың есімі берілген жаңа көшенің ашылуы өтті. Иә, Мұңал Айжарықұлы – газет бетінде ғана еңбек еткен журналист емес. Ол өңірдің қоғамдық-саяси өмірінің бел ортасында жүріп, елдің мұң-мұқтажын көтерген, еңбек адамдарының жетістігін насихаттаған, ауданның рухани шежіресін жасаған қайраткер қаламгер. Оның жазған мақалалары бүгінде белгілі бір кезеңнің тарихи құжатына айналып отыр. Ол қызмет еткен «Кең Жылой» газеті де бүгінде өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени және рухани өмірінің айнасына айналған басылым. Осы қара шаңырақта адал нанын жеп, тер төккен қаламгерлердің арасында Мұңал Далбаевтың орны бір саты жоғары. Өйткені оның мектебінен тәлім алған талай журналист бүгінде ел игілігі жолында қызмет етіп келеді. Әрине, журналистің ғұмыры жылдармен емес, артында қалдырған сөзімен, тәрбиелеген шәкіртімен, халық жадында сақталған есімімен өлшенеді. Мұңал Айжарықұлы, дәл осындай биікке көтерілген тұлға. Сондықтан оның ғасырлық мерейтойы бір әулеттің ғана емес, қала берді Жылыой жұртшылығының, аудандық журналистиканың және ұлттық руханияттың ортақ мерекесіне айналды. Сондықтан ел үшін қалам тербеп, сөз арқылы қоғамға қызмет еткен тұлғаларды дәріптеу кейінгі жас журналистерге үлгі, ұрпаққа аманат. Бұл тұста Мұңал Далбаевтың өнегелі өмірі мен шығармашылық мұрасы әлі талай буынға рухани азық болып, елдік пен адал қызметтің жарқын үлгісі болып қала беретіні сөзсіз. 

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT