Жастарды еңбекке баулитын бастама

Туған өлкені жасыл мекенге айналдыру – әрбір азаматтың, әсіресе жас ұрпақтың перзенттік парызы. Осы мақсатты жүзеге асыру жолында бүгінде «Жасыл ел» бағдарламасы маңызды рөл атқарып келеді. Бағдарлама жыл сайын жастарды маусымдық еңбекке тартып қана қоймай, олардың бойында экологиялық мәдениет пен табиғатқа деген жанашырлық сезімін қалыптастыруды да көздейді.

Жуырда «Жасыл ел – 2026» жастар еңбек жасағының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараны алғашқы болып «Ұшар» би ансамблі «Сылқым» қазақ биімен ашып берді. «Жасыл ел» бағдарламасы – жаз мезгілінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, жастарды көгалдандыру мен қаланың көркеюіне үлес қосуға жұмылдыратын, сондай-ақ мерзімдік жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік беретін маңызды бастама. Шараның салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Аязберікқызы жас сарбаздарға игі тілегін арнап, олардың еңбегіне сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» бастамасының мақсат-міндеттерін жүзеге асыру жолында жастардың қосар үлесі зор. Осы бағытта туған өлкеміздің гүлденуіне атсалысып, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу арқылы ауданымыздың көркеюіне белсенді түрде атсалысады деп сенемін, – деді ол.

 Шара барысында Жазушылар одағының мүшесі Бүркіт Базарбаев сөз алып, «Жасыл ел» жасағының еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін атап өтті. Ол еңбекқор жас буынның қатары жылдан жылға артып келе жатқанына қуанышын жеткізді. Одан әрі жас сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдап, ел мен жер игілігі жолындағы еңбекке адал болуға серт берді.

Мерекелік жиында қатысушылар арасында қызықты интерактивті викториналық ойындар ұйымдастырылды. Шарт бойынша экранда көрсетілген QR-кодты сканерлеп, арнайы сайтқа кірген қатысушылар сұрақтарға жедел әрі дұрыс жауап беріп, белсенділік танытты. Оза шыққан қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар көрермендер «Жасыл ел» сарбаздарының еңбек барысынан дайындалған бейнероликті тамашалады. 

Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертімен жалғасын тапты. Іс-шара барысында «Қасиет» өнер мектебінің оқушылары «Попурри» әнін жанды дауыста орындаса, Тілеген Саят домбыраның күмбірлі үнімен «Адай» күйін нақышына келтіре орындап, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады. Сонымен қатар «Жасыл ел» сарбаздары да өздерінің дайындаған өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй тарту етті. 

Шараның соңында ауданның ақсақалдары мен үлкендері сөз алып, «Жас келсе – іске» демекші, еңбекке араласып, ата-анасына қолғабыс болып, өз еңбегімен қаражат табуды үйреніп жүрген жастарға ақжарма тілектерін арнап, сәттілік тіледі.

А. Махамбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT