Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен екінші рет жүзеге асырылған «Өзгеріс» жобасы қорытындыланды. Жұмыссыз жастарды қолдауға бағытталған бұл бастама қатысушылардың өмірлік ұстанымын қалыптастырып, кәсіби бағдарын айқындауға және еңбек нарығында өз орнын табуына жол ашып келеді. Биыл аталған жоба аясында 10-ға жуық адам тігіншілік және шаштараз ісі бойынша білім алып, жаңа кәсіптің қыр-сырын меңгерген болатын.
Жобаға қатысқандардың бірі – көп балалы ана Мадина Шәмелқызы. Ол бір ай бойы тігін саласы бойынша біліктілігін жетілдіріп, қоржынға салынатын түрлі жұмсақ ойыншықтарды тігуді үйренген. Кейіпкеріміз қазіргі таңда үй жағдайында көрпе тігіп, ескі перделерін қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. Алдағы уақытта қолөнер бұйымдарын сатылымға шығарып, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, мұндай жобалар әсіресе үйде отырған көп балалы аналар мен ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін үлкен мүмкіндік береді.
– «Өзгеріс» жобасына қатысудағы басты мақсатым – білімімді шыңдап, кәсіби деңгейімді арттыру болды. Бүгінде үйден көрпе тігіп, түрлі тапсырыстар қабылдап жүрмін. Бұл жоба мен секілді көп балалы аналарға және ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған жандарға өз кәсібін бастауға, қоғаммен араласып, өз орнын табуға үлкен қолдау көрсетеді. Бізге тәлім-тәрбие беріп, өз тәжірибесімен бөліскен Мая апайға, Гүлнар апайға және Мейрамгүл апайға алғысым шексіз. Алдағы мақсатым – кәсібімді кеңейтіп, жеке шеберхана ашу. Болашақта мен сияқты үйде отырған аналарды жұмыспен қамтып, олардың да табыс табуына мүмкіндік жасағым келеді,-деді өз ойымен бөлісіп.
Бүгінде жастардың бойына сенім ұялатып, оларды жаңа мүмкіндіктерге жетелейтін «Өзгеріс» жобасы көптеген қатысушының өмірге деген көзқарасын өзгерткен маңызды бастамаға айналып отыр. Еңбекке бейім, алға ұмтылған әрбір жас үшін бұл жоба өз қабілетін дамытып, кәсіби бағытын айқындауға және табысқа жетудің алғашқы қадамын жасауға мүмкіндік береді.
Жастар ресурстық орталығының маманы Жансұлу Алпысбаеваның айтуынша, жоба аясында қатысушылар қысқа мерзімді курстар арқылы кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, өз ісін бастауға қажетті алғашқы білім мен тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар жастар өздерінің бұрын байқалмаған қабілеттерін ашып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман немесе кәсіпкер ретінде қалыптасуға жол алады. Бүгінде бағдарламаға деген қызығушылық пен сұраныс жыл сайын артқан.
Айта кетейік, биылғы «Өзгеріс» жобасы сәуір айында басталып, мамыр айында өз мәресіне жетті. Бағдарламаға қатысқан барлық жастарға арнайы сертификаттар табысталып, олардың еңбегі мен белсенділігі жоғары бағаланды.
Қысқа уақыт ішінде өз тиімділігін дәлелдеген жоба жастардың жаңа кәсіп игеруіне, кәсіби дағдыларын дамытуына және болашаққа сеніммен қадам басуына мүмкіндік берді. Кәсіпкерлікке бет бұруына және қоғамдағы өз орнын табуына ықпал ететін маңызды әлеуметтік бастамаға деген қызығушылықтың жылдан жылға артуына байланысты ұйымдастырушылар келесі жылы да жобаны жалғастыруды жоспарлап отыр.
А. Махамбетова




