Қаламызда аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Bizdin Vibe» ән кеші өтті. Еркін форматта ұйымдастырылған кеш тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жанды дауыста шырқалған әндер мен гитараның әсем әуені ерекше атмосфера қалыптастырды. Концертке аудан тұрғындары мен қала қонақтары қатысты.
Іс-шараның басты ерекшелігі жас айырмашылығына шектеу қойылмаған. Сахнада өнер көрсеткен қатысушылар да, көрермендер де қатары көп болды. Кеш барысында тұрғындар караокеде ән салып, түрлі музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен өз өнерлерін ортаға салды. Бұл шараның негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық қабілетін дамыту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, талантты жастарды қолдау, өнерге қызығушылықты арттыру және аудан жастарының басын қосып, достық пен бірлікті нығайту.
- Бұл – 2023 жылдан бері жаз мезгілінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жобамыз. "Bizdin Vibe" – ауданымыздың талантты жастарының басын қосатын еркін форматтағы музыкалық кеш. Осындай шаралар арқылы жастардың шығармашылығына қолдау көрсетіп, олардың бір-бірімен жақын араласуына мүмкіндік жасаймыз. Іс-шараға қатысып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған барша жастарға алғысымызды білдіреміз,-деді аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Жансұлу Алпысбаева.
Айта кету керек, былтырғы жылы да бұл жоба жаңаша форматта «ҚараОқы» караоке кеші ретінде ұйымдастырылып, аудан жастарының үлкен қызығушылығына ие болған еді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастардың сүйікті жобасына айналған бұл музыкалық кеш алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа форматтармен көпшілікке жол тарта бермек.
А.Ерденқызы



