Оқу мәдениеті өзгеруде

«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген қазақ нақылының мәні ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Дегенмен уақыт өткен сайын қолына кітап ұстағаннан гөрі смартфонға үңілген жастарды жиі кездестіреміз. Оған әлеуметтік желілер, қысқа бейнероликтер мен сандық технологиялардың қарқынды дамуы да себеп болып отыр. Осының салдарынан жастар кітап оқудан алшақтап, оқу мәдениетінен қол үзуде. Осыған байланысты аудандық орталық кітапхана қызметкерлерімен тілдесіп, бұл тұжырымның анық-қанығына көз жеткізген едік.

Бүгінде ақпаратқа қол жеткізу бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл. Бірнеше секунд ішінде кез келген мәліметті ғаламтор беттерінен оңай табуға болады. Сондықтан жастардың ақпаратты қабылдау тәсілі де өзгерді. Егер бұрын жаңа білім алу үшін кітап пен энциклопедия ақтарылса, бүгінде түрлі онлайн платформалар негізгі ақпарат көзіне айналды. Пәндік тапсырмалар мен қосымша мәліметтер үшін жастарға қазір ғаламтор жеңілірек. Оның үстіне әлеуметтік желілердің алгоритмдері адамның назарын үнемі жаңа ақпаратпен ұстап тұруға бейімделген. Соның салдарынан ұзақ мәтінді мұқият оқуға деген дағды әлсіреп бара жатқаны байқалады. Алайда жастардың кітапқа деген қызығушылығы мүлде жоғалды деуге негіз жоқ. Бұл пікірді ауданымыздағы кітапханашылар да жоққа шығарады. Бүгінде ауданда 11 кітапхана қызмет көрсетеді. Оның ішінде 6 ауылдық, 3 қалалық, 1 балалар және 1 аудандық орталық кітапхана бар. Балалар кітапханасы мамандарының айтуынша, соңғы жылдары жас оқырмандар саны тұрақты өсіп келеді. Ай сайын кітапханаға орта есеппен 200-ге жуық оқырман келеді. Бүлдіршіндер негізінен ертегілер мен суретті кітаптарды таңдаса, жасөспірімдер арасында әлемге әйгілі «Гарри Поттер» топтамасы, комикстер, мотивациялық әдебиеттер, романтикалық шығармалар мен шытырман оқиғалы кітаптар сұранысқа ие.

Жастардың кітапқа деген қызығушылығын анықтау мақсатында ғұмыры 1 ғасырға жуықтаған аудандық орталық кітапхана ұжымына да арнайы барған едім. Мұндағы кітапханашылар да жас буынның кітап оқуға деген қызығушылығының өшпегенін айтады. Бүгінде аудандық кітапхана қоры 100-мыңнан асады. Оның ішінде 90-мыңнан астамы оқырманға тұрақты ұсынылады. Ал кітапханаға тұрақты келушілер саны – 7000-ға жуық. Олардың 2000-нан астамы жастар. «Оларды көбіне психология, бизнес, сондай-ақ көркем әдебиет пен заманауи әдебиет қызықтырады дейді» мамандар. 

Гаухар Есетқызы,

жас талапкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT