Жастардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауы – олардың өмірлік бағытын айқындайтын маңызды кезеңдердің бірі. Осы орайда талапкерлерге бағыт-бағдар беріп, түрлі кәсіптің қыр-сырын таныстыруда «ашық есік» күндерінің орны ерекше. Мұндай тағылымды шаралардың бірі жуырда ауданымыздағы С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінде ұйымдастырылып, мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналарына мол мүмкіндік ұсынылды.
Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі – 63 жылдық тарихы бар, өңірдегі техникалық мамандықтар бойынша кадр даярлауда тәжірибесі мол, беделді оқу орындарының бірі. Бүгінде колледж өндіріс талаптарына сай білікті мамандар даярлау мақсатында 12 мамандық пен 37 біліктілік бойынша білім береді. Оның ішінде жұмысшы және техник біліктіліктері де қамтылған. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы да заман талабына толық сай. Оқу корпусы мен өндірістік шеберханалар қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Әсіресе «Жас маман» жобасы аясында 4 мамандық бойынша оқу-өндірістік шеберханалардың заманауи симуляторлармен жабдықталып, студенттердің тәжірибелік дағдыларын шыңдауға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Атап айтқанда, мұнай және газ кен орындарын пайдалану, жергілікті магистральдық және желілік құбырларды монтаждау, дәнекерлеу ісі, сондай-ақ автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану бағыттары бойынша база айтарлықтай жаңартылған. Колледж оқытушылары да үнемі кәсіби дамуға басымдық береді. Олар отандық кәсіпорындарда тағылымдамадан өтіп, оқу үдерісіне жаңа әдістемелер енгізуде. «Бұл – білім сапасын арттырудың негізгі кепілі» дейді Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі директоры Маруся Сарбалиева. Сондай-ақ сөзін жалғап:
- Студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Басқа өңірлерден немесе ауылдық округтерден келетін жастарға арналған 60 орындық жатақхана да жұмыс істейді. Қазіргі таңда мұнда өзге аудандар мен елді мекендерден келген білім алушылар тұрып жатыр. Жалпы колледжде 331 студент білім алса, оның 205-і дуалды оқыту жүйесі арқылы оқу уақытының 60 пайызын өндірістік мекемелерде өткізеді. Бұл жүйе студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беріп келеді,-дейді білім ордасының бүгінгі халінен хабар беріп.
Бүгінде колледж 48 кәсіпорынмен меморандумға қол қойып, тығыз байланыс орнатқан. Олардың қатарында «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ, «ЮСС Супорт Сервисез» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС, «Казкомсервис» ЖШС, «Еділ-Орал» ЖШС және «Өмірзақ Сервис» ЖШС сынды белді мекемелер бар. Бұл кәсіпорындар оқу процесіне қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне және сертификат алуына мүмкіндік жасауда. Сонымен қатар білім ордасында әлеуметтік қолдау да назардан тыс қалмаған. Мәселен, «Жоларна» ЖШС әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 10 студентке жыл бойы ай сайын 40 000 теңге көлемінде стипендиялық көмек көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, колледждің электрмонтаж шеберханасына 3 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен. Ал «Өмірзақ Сервис» ЖШС оқу орнының рухани-мәдени дамуына үлес қосып, қажетті музыкалық және техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен. Міне, осындай мүмкіндігі көп алаңға болашақ студенттерді шақырған колледж ауданымыздағы 20 мектептің 9 сынып оқушыларын қабылдап, ұстаздар «ашық есік» күнін өткізді. Іс-шара барысында қатысушылар оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысып қана қоймай, заманауи мамандықтар, өндірістік тәжірибе, білім беру жүйесінің ерекшеліктері туралы кең көлемде ақпарат алды. Одан бөлек білім алушылардың арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалап, өздерін бір сәт студент ретінде сезінуге мүмкіндік алды.
Әрине, «ашық есік» күні – болашаққа қадам басқалы отырған әр талапкер үшін сәл болса да бағыт. Өйткені мамандық таңдау әрбір жас үшін жауапты шешім. Бұл ретте колледж ұжымы талапкерлерге дұрыс бағыт-бағдар беруді басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады және 2026–2027 оқу жылына мемлекеттік тапсырыс аясында 6 мамандық бойынша 150 орын ұсынуды жоспарлап отыр. Оның ішінде 9 сынып негізінде есеп және аудит, электр жабдықтары, дәнекерлеу ісі, автомобиль көлігіне қызмет көрсету және мұнай-газ кен орындарын пайдалану мамандықтары қарастырылған. Ал 11 сынып негізінде техник-механик біліктілігі бойынша білім алу мүмкіндігі бар. «Ашық есік» күні аясында келген қонақтар оқу кабинеттерін, зертханалар мен шеберханаларды аралап, студенттердің жұмыс барысымен танысты. Бұл өз кезегінде колледждің мүмкіндіктерін нақты көруге және болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға ықпал етті.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ




