Қылқалам шеберлерінің байқауы

Биыл аудандық Жастар ресурстық орталығы «Birge Qadam» еріктілер ұйымымен бірлесе отырып, қоғамға серпін беретін тағылымды жобаларды қолға алуда. Сол игі бастамалардың бірі – табиғаттың тылсым сұлулығын дәріптеуге арналған «Құстар – табиғат көркі» атты алғашқы көрме-байқауын өткізді. Шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны аялауға үндеп, құстар әлеміне деген сүйіспеншілікті арттыру, сондай-ақ жас суретшілердің шығармашылық әлеуетін танытып, қолдау көрсету еді.

 Көрмеге қатысқан жеті жас қылқалам шеберінің туындылары көрермен назарына ұсынылды. Әрбір суретте табиғатқа деген шынайы махаббат, нәзік сезім мен терең ой айқын көрініс тапты. Қатысушылар өз шығармалары арқылы құстардың әсем болмысын, еркіндігін және табиғатпен үндестігін ерекше шеберлікпен бейнелей білді. Шара барысында жас суретшілер өз туындыларын көрермендерге таныстырып, идея мен мазмұнын еркін әрі әсерлі түрде жеткізе білді. Солардың бірі – №19 жалпы білім беретін орта мектептің 7-сынып оқушысы Мадина Мейрамбекқызы. Оның қылқаламды серік етіп, сурет өнерімен айналысып жүргеніне екі жылдан астам уақыт болған. Жас дарын байқауда «Қыстың сыбыры» тақырыбындағы суретінде қар жамылған ағаштар мен құстардың бейнесі арқылы қыс мезгілінің тек суық қана емес, өзіне тән жұмсақ та тыныш сәттерін әсерлі жеткізіп, көрермен жүрегінен орын таба білді. 

Мадинаның туындысынан табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жан дүниесінің тазалығы айқын сезіле білді. Ол әрбір бояу арқылы құстың еркіндігін, әсемдігін және тіршілікпен үндестігін шебер жеткізе алды. Жас суретші байқаудан алған әсерімен бөлісіп, бұл шараның өзіне ерекше шабыт сыйлағанын тебірене жеткізді. 

– Бүгінгі көрме – байқау ерекше форматта өтті. Өзіме үлкен әсер алдым. Осындай ортада шығармашылық қабілетім одан әрі шыңдала түскендей болды. Көпшіліктің алдында өз туындымды таныстырып, еркін сөйлеу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Мұндай байқаулар мен үшін өте маңызды. Себебі көрермендердің бағасы мен жылы лебізі маған ерекше қуат беріп, жаңа идеяларға жетелейді. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Сондай-ақ ұстазым Жадыра Нұрболатқызына зор ризашылығымды білдіремін. Болашақта дәл сол кісі сияқты кәсіби суретші болуды армандаймын,-дейді Мадина Мейрамбекқызы. 

Ал, Ақшарқат Кеңшілікқызы өзінің керемет туындысымен ерекше көзге түсті. «Шығыс сиалиясы — көктем мен бақыттың нышаны» тақырыбындағы шығармасында ол көктемнің жаңаруын, табиғаттағы өмірлік қуаныш пен адамдарға бақыт сыйлайтын сәтті шебер бейнелеген. Суретте шығыс сиалиясы құсының нәзік қанаттарын ашып, гүлдер мен жасыл шөптер арасында ұшып жүргендей етіп көрсете білген. Ол сурет өнерімен бес жасынан бастап айналысып келеді. Қазіргі таңда №8 жалпы білім беретін орта мектептің 7-сынып оқушысы. Бала күнгі қызығушылықтан бастау алған өнерді арман мен мақсатқа айналдырған ұстазы Жадыра Нұрболатқызына алғысын білдіріп, әлі де үйренері көп екенін айтады. 

– Сурет салу маған әжемнен дарыған қасиет деп білемін. Кезінде әжем Мария Ізжанова Д.Жазықбаев атындағы №16 жалпы білім беретін орта мектепте сурет және сызу пәнінен сабақ берген. Бүгінгі байқау маған ерекше ұнады, көп тәжірибе жинадым. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Болашақта дизайнер болуды армандаймын. Сол мақсатқа жету үшін ұстазымнан білім алып, алғашқы қадамдарымды жасап келемін,-дейді талантты жас. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көрме-байқауы алғаш рет өткізіліп отыр. Жас суретшілердің көңілінен шыққанына дән риза болған олар бұл шараның ерекше әсерге толы өткенін атап өтті. Ауданымыздағы талантты жастармен жақын танысып, олардың туындылары арқылы өнер әлеміне терең бойлағандарын жеткізді. Бұл бастама еріктілер үшін де тәжірибе алаңына айналып, жас қылқалам шеберлерімен сұхбат құрып, олардың ой-өрісі мен шығармашылық көзқарастарын тануға мүмкіндік берген. Шараны өткізушілер алдағы уақытта да осындай форматтағы байқауларды жалғастыруды жоспарлап отыр. 

– 1 сәуір – Халықаралық құстар күніне орай еріктілермен бірлесе отырып, «Икем» арт студиясында «Құстар – табиғат көркі» тақырыбында көрме-байқау ұйымдастырдық. Шынымды айтсам, мұндай шараны алғаш рет өткізіп отырмыз. Негізгі мақсатымыз – жас суретшілердің шығармашылығына қолдау көрсету. Байқау барысында әрбір қатысушының өз ойын еркін жеткізіп, табиғат пен құстар әлемін бейнелеудегі шеберлігін көзбен көріп, тәнті болдық. Бұл бізге ерекше әсер сыйлады. Расында да сурет салу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерекше қабілет. Сондықтан жас таланттардың еңбегі әрдайым бағалануы тиіс. Алдағы уақытта да олармен бірлесіп, осындай тағылымды шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз,-дейді Жастар ресурстық орталығының маманы Нұрайым Батыр. 

Бүгінде аудан жастары мәдени-көпшілік іс-шараларда, спорттық жарыстарда, қайырымдылық бастамалар мен мемлекеттік мерекелерде де белсенділік танытып, өз өнерлері мен қабілеттерін кеңінен паш етіп келеді. Еріктілердің қатысуымен жүзеге асқан әрбір жоба өз нәтижесін беріп, қоғамға оң ықпал етуде. 

Осы орайда Жастар ресурстық орталығының басшысы Дана Баймағамбетованың айтуынша, елімізде волонтерлік қызметті дамытуға арналған 2024–2026 жылдарға арнайы Жол картасы қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Оның сөзінше, бүгінгі жастар – бастамашыл, ойы ұшқыр, өз пікірін ашық жеткізе алатын белсенді буын. Мұндай жігерлі жастар барда қоғамның дамуы да қарқынды болмақ.

 – Жалпы елімізде волонтерлік қозғалыс соңғы онжылдықта жүйелі түрде дамып, сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлы атап өткендей, еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін, жүрегі кең жандар. Естеріңізде болса, 2020 жыл – Волонтер жылы болып жарияланған еді. Бұл салаға жаңа серпін беріп, нәтижесінде еріктілер қатары артып, жастардың бұл бағытқа деген қызығушылығы еселене түсті. Ал, биыл Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялануы жастарға тағы да берілген үлкен мүмкіндік деп білемін,-дейді ол.

Биыл да волонтерлер ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап айтсақ, «Жақсылыққа бір қадам» бастамасы аясында мектеп пен колледж студенттерімен кездесулер ұйымдастырылып, волонтерлік қызметтің маңызы кеңінен насихатталмақ. Бұл кездесулер жастарды игі істерге жұмылдырып қана қоймай, олардың қатарын арттыруға бағытталады. Сонымен қатар «Еріктілер естелігі: кеше, бүгін, ертең» тақырыбындағы тағылымды шаралар легі өткізіліп, жас буынға рухани серпін берілмек. Онда волонтерлік қозғалыстың қалыптасу тарихы сараланып, бүгінгі жетістіктер мен болашақ мүмкіндіктер кеңінен талқыланады. Мұндай кездесулер жастардың белсенділігін арттырып, олардың бойында жауапкершілік пен жанашырлық қасиеттерін қалыптастыруға негіз болады. 

Қоршаған ортаны қорғау да назардан тыс қалмайды. «Бірге Таза Қазақстан» акциясы аясында еріктілер экологиялық мәдениетті нығайтуға атсалысып, тазалық шараларына белсене қатысады. Бұл бастамалар табиғатқа деген қамқорлықты арттырып қана қоймай, қоғамда экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді. 

Бұдан бөлек, тарихи-мәдени мұраны сақтау, спортты дамыту және қайырымдылық бағытында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылмақ. Осылайша еріктілер қозғалысы қоғамның әр саласына серпін беріп, ізгілік пен жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналмақ. 

А.Махамбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT