Облыста жастардың көшбасшылық қабілетін дамытып, халықаралық тәжірибе жинақтауына бағытталған «Atyrau Youth Fellowship» жобасы сәтті қорытындыланды. Облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен және «Qabilet» қорының ұйымдастыруымен жүзеге асқан жоба өңір жастары үшін өзін дамытуға, жаңа білім мен тәжірибе алмасуға жол ашқан маңызды бастама болды.
Жобаның басты мақсаты – 14 пен 35 жас аралығындағы белсенді жастардың кәсіби әлеуетін арттырып, халықаралық және республикалық тағылымдамалар арқылы алған білімдері мен тәжірибесін туған өлкенің дамуына бағыттау. Бастама жастардың көшбасшылық қасиеттерін шыңдап қана қоймай, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, жаңа жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Жобаға қызығушылық танытқандардың саны аз болған жоқ. Барлығы 86 өтінім қабылданып, оның 32-сін ер балалар, 54-ін қыз балалар тапсырған. Өтінімдер тек Атырау қаласынан ғана емес, Исатай, Махамбет, Жылыой және Мақат аудандарынан да келіп түсті. Бұл бастаманың өңір жастары арасында үлкен сұранысқа ие екенін көрсетті.
Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы саралау нәтижесінде 48 үміткер келесі кезеңге өтті. Жеке сұхбат барысында қатысушылардың қоғамдық белсенділігі, көшбасшылық қабілеті, жеке даму жоспары мен болашаққа көзқарасы жан-жақты бағаланды. Сонымен қатар олар өз идеяларын ұсынып, әлеуметтік жобаларын қорғады.
Үміткерлерді бағалау жұмысына тәжірибелі сарапшылар мен өңірге белгілі мамандардан құралған арнайы комиссия қатысты. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша жобаның 15 жеңімпазы анықталды.
Жеңімпаздардың жас құрамына назар аударсақ, олардың 53,3 пайызы 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер болса, 26,7 пайызы –18 бен 25 жас аралығындағы жастар, ал 20 пайызы 26 мен 34 жас аралығындағы қатысушылар болды. Бұл көрсеткіш жобаның мектеп оқушыларынан бастап еңбек жолын бастаған жастарға дейінгі кең аудиторияны қамтығанын аңғартады.
Жоба аясында жеңімпаздар халықаралық және республикалық тағылымдамалардан өтеді. Бір топ қатысушы Әзірбайжан Республикасына барып, сол елдің жастар саясаты, қоғамдық бастамалары мен көшбасшылық тәжірибесімен танысады. Екінші топ Грузияда тағылымдамадан өтіп, азаматтық қоғам институттарының жұмысын зерделейді. Ал үшінші топ Астана қаласында тәжірибе жинақтап, еліміздегі үздік тәжірибелермен танысу мүмкіндігіне ие болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тағылымдамалар барысында қатысушылар халықаралық тәжірибені меңгеріп қана қоймай, жаңа серіктестік байланыстар орнатып, жобаларды басқару, көшбасшылық және қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру бағытында өз білімдерін жетілдіреді. Кейін олар жинақтаған тәжірибесін туған өңірде жүзеге асырып, әлеуметтік бастамалардың дамуына үлес қоспақ.
Осындай жобалар өңір жастарының білім көкжиегін кеңейтіп, олардың жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына ықпал етеді. Ең бастысы, халықаралық тәжірибемен сусындаған жастардың тың идеялары мен бастамалары Атырау облысының әлеуметтік және қоғамдық дамуына оң серпін беретіні анық.
«Atyrau Youth Fellowship» жобасы жастардың әлеуетіне инвестиция салудың нақты үлгісіне айналып, белсенді әрі білімді ұрпақ қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Өз тілшіміз



