Идеядан іске бастар қадам

Ауданда алғаш рет ұйымдастырылған «IDEATHON JYLYOI» аудандық әлеуметтік идеялар хакатоны жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған тың бастамаларды қолдаған маңызды алаңға айналды.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен бұл жоба жастардың азаматтық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың тың идеяларын нақты жобаға айналдыруға мүмкіндік берді. Жастар үйінде өткен хакатонға ауданның белсенді жастары, түрлі сала мамандары мен студенттер қатысып, қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бастамаларын ортаға салды. Хакатонның ашылуында аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Базарбаев Бақытбек Қазанбекұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, жастардың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ, жобаларды бағалайтын қазылар алқасы таныстырылды. Қазылар қатарында «Қабілет» қоғамдық қорының PR/SMM менеджері, контентмейкер Мадина Нұркенқызы және аудандық Жас техниктер станциясының мұғалімі, ментор Қуаныш Шалабаев болды. Хакатонның басты ерекшелігі қатысушылардың тек дайын жобаларын ұсынумен шектелмей, қысқа уақыт ішінде команда құрып, жаңа идеяларды бірлесе әзірлеу мүмкіндігіне ие болуы. Әр командаға жобаны әзірлеуге 30 минут, таныстыруға 5–7 минут және қазылар сұрақтарына жауап беруге 3 минут уақыт берілді. Бұл формат жастардың жылдам шешім қабылдау, топпен жұмыс істеу және өз ойын нақты жеткізу дағдыларын дамытуға ықпал етті. Байқауда әртүрлі бағыттағы әлеуметтік жобалар ұсынылды.

Қатысушылар балаларға арналған ойын алаңын дамыту, жасанды интеллект негізінде білім беру, лудомания мәселесі, ұлттық тұрмыс дағдыларын дәріптеу, аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдау көрсету, азық-түлік теңсіздігі, жастар арасындағы жұмыссыздық пен кәсіби бағдар беру, сондай-ақ жасөспірімдердің психикалық денсаулығы сияқты маңызды тақырыптарды көтерді. Әсіресе жастардың қоғамдағы шынайы мәселелерді көтеріп, оларды шешудің жолдарын ұсынуға ұмтылысы көпшіліктің көңілінен шықты. Ұсынылған жобалар өзектілігімен, жаңашылдығымен және әлеуметтік әсерімен ерекшеленді. Қазылар алқасының шешімімен үздік үш жоба анықталды. Олар: «Akills» тобының «Қазіргі жастардың мал соя алмауы» жобасы, «TALAPTAN» тобының «Аз қамтылған отбасылардың балаларына білім беру» бастамасы және «ЖасStar» тобының «Жұмыссыздық және жастардың кәсіби бағдар алмауы» жобасы. «IDEATHON JYLYOI» хакатонының ең басты жетістігі жастардың қоғам тағдырына бейжай қарамайтынын, өз өңірінің дамуына үлес қосуға дайын екенін көрсете білуінде. Ауданда алғаш рет ұйымдастырылған бұл жоба алдағы уақытта дәстүрлі алаңға айналып, тың идеялар мен игі бастамалардың ортасы болады деген сенім мол. 

Ә.Қази

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT