Бүгінде жастардың бірігіп, өзгеге қиын сәтте қолұшын созып, қайырымдылық жасауы – еріктілер қозғалысының басты мәніне айналды. Еліміздің түкпір-түкпірінде волонтерлік ұйымдар құрылып, олардың жұмысы қарқын алып келеді. Аудан еріктілерінің жеткен жетістіктері де аз емес, былтыр аудан әкімінің арнайы Алғыс хатымен және «Үздік аудандық волонтерлік ұйым» номинациясымен марапатталған.
Олар бүгінгі таңда ауданның дамуына, экологиясы мен тазалығына ерекше көңіл бөліп, осы бағытта көптеген шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, былтыр жастар «Таза аула – 2025» экологиялық байқауын тұрғындар арасында ұйымдастырып, тазалық мәдениетін насихаттады және үздік шыққан аулаларды марапаттаған. Одан бөлек, «ЭкоLive» жобасы аясында қалдықтарды қайта қолдану арқылы инсталляция жасау сайысын өткізсе, енді бірде сенбіліктерге белсене қатысып өз үлестерін қосқан.
Сонымен қатар волонтерлер қайырымдылық шараларды да назардан тыс қалдырған емес. Атап айтқанда, «Мейірімді Қазақстан» челленджі аясында ерікті жастар таңсәріден еңбекке кірісетін тазалық қызметкерлеріне ыстық шай ұсынып, дәмді ас таратып, оларға деген құрметін ерекше ілтипатпен білдірген. Қаланың тазалығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілген бұл қамқорлық – жүрек жылуын сездірген игі істердің бірі. Сондай-ақ Қарттар күні қарсаңында олар жалғызбасты қариялардың шаңырағына арнайы барып, ауласын тазалап, қолғабыс жасады. Ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды аталарға сый-сияпат ұсынып, мейірім мен жанашырлықтың үлгісін көрсете білген.
Қазіргі таңда ауданда жасөспірімдер арасында волонтерлікке деген қызығушылық артқан. Себебі ерікті жастар тек өз уақытын тиімді өткізуді ғана емес, қоғамға пайдалы іс атқаруды басты мақсат етеді. Солардың қатарында №6 жалпы білім орта беретін мектептің 10-сынып оқушысы Сәбина Сабырқызы да бар. Ол бір жылдан астам уақыт бойы волонтерлікпен айналысып, бұл жолдың өзіне ерекше серпін сыйлағанын айтады.
Сәбинаның еріктілер қатарында жүрген әрбір күні мазмұнға толы, әсерге бай. Біз айналамызға мейіріммен қарап, үлкендерге құрмет көрсетіп, қолдан келгенше көмек береміз. Ең бастысы – мұның барлығы шынайы ниетпен, ақысыз жасалады дейді. Сонымен қатар, ол қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге де бейжай қарамайды. Құқық бұзушылық пен сталкинг секілді мәселелерді азайтуға өз үлесін қосуды армандайды.
– Волонтер болуды өз еркіммен таңдадым және ешқашан өкінбеймін. Себебі бұл орта мені жақсы жаққа өзгертіп, қамқор болуға, жанашырлық танытуға үйретті. Өз ойымды ашық айтып, нық қадам жасауға да осы жолда үйрендім. Болашақта журналист болуды мақсат етіп отырмын,-дейді Сәбина. Кейіпкеріміз волонтерлікпен айналысып жүріп түрлі оқиғаға куә болатынын айтады. Ол осы тұста өзіне ерекше әсер қалдырған бір сәтімен бөлісті.
- Амал мерекесі кезінде еріктілер аудандағы үлкендер мен кәсіпкерлерді аралап, көрісіп барғанбыз. Сол сәтте бір гүл дүкеніне кірген едік. Сол дүкен иесі барлығымызға гүл сыйлап, ақ тілегін арнады. Бұл күтпеген сый мен жылы сөздер жүрегімде мәңгілік із қалдырды. Осындай сәттер адамға қанат бітіреді. Жалпы, бүгінгі қоғамда волонтерлердің орны ерекше, олар әрдайым қажет,- дейді ол.
Соңғы жылдары елімізде волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған ауқымды реформалар мен тың жобалар жүзеге асырылуда. Бұл игі бастамалар еріктілер қозғалысының дамуына үлкен әсерін тигізуде. Аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Нұрайым Батырдың айтуынша, еріктілердің қоғамдағы орны ерекше. Қазіргі таңда олар түрлі салада белсенді жұмыс істеп, көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіп жүр. Еріктілер тек мереке күндері ғана емес, жыл бойы игі істермен айналысады. Сондықтан олардың еңбегін әрдайым бағалап, құрмет көрсету маңызды екенін айтады.
- Қазіргі таңда ауданымызда Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Birge Qadam» еріктілер ұйымы өз жұмысын қарқынды жүргізіп келеді. Былтырдың өзінде бұл ұйымға 90-ға жуық жас тіркеліп, түрлі бағытта 15-ке жуық іс-шара өткізіп, белсенділіктің жарқын үлгісін көрсетті. Жас болса да жүрегі мейірімге толы еріктілердің игі бастамалары аудан өміріне өз үлесін қосуда. Сондай-ақ бүгінгі мектеп қабырғасындағы жастар – ертең жоғары оқу орындарының студенттері атанып, волонтерлік қозғалыстың қатарын одан әрі толықтыратыны сөзсіз. Себебі қайырымдылық пен жанашырлық – олардың бойына ерте сіңген қасиет. Ерлік тек соғыс даласында емес, бейбіт күнде де жасалатыны осы жастардың ісінен айқын көрінеді. Осы орайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» деген даналық сөзі ойға оралады. Бұл нақыл бүгінгі жастардың елге деген жанашырлығын, жауапкершілігін айқындай түсетіндей. Елімізде қайырымдылық жасап, өзгеге қолұшын созған жандар әрдайым құрметке ие. Халық олардың еңбегін бағалап, алғысын білдіріп жатады,- дейді ол.
Алдағы уақытта «Birge Qadam» еріктілер ұйымы жаңа бастамаларды қолға алып, игі істердің аясын кеңейте түспек. Қиналғанға қолұшын созу – халқымыздың бойына сіңген асыл қасиет. Осы дәстүрді жаңғыртып жүрген жастардың қатары алдағы күндері одан әрі арта түсетініне сенім мол.
Себебі волонтер болу – жай ғана көмек көрсету емес, ол туған елге деген шынайы сүйіспеншіліктің, жанашырлықтың айқын көрінісі.
А. Мейрамбайқызы




