Болашақ – жастардың қолында

Аудан жастары Нұрайым Садуахасқызы мен Шолпан Сайфоллақызы Жамбыл облысы Тараз қаласындағы «Талбесік» этноорталығында республикалық «Auyl Jastary» форумына қатысып, өз білімдерін жетілдіріп, тәжірибе алмасты. Ауқымды шараға еліміздің барлық өңірлерінен 300-ге жуық белсенді жас қатысты. Ауыл жастарының әлеуетін арттыру, көшбасшылық қабілеттерін дамыту және өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылған форум аясында қатысушылар түрлі білім беру алаңдары мен тәжірибе алмасу сессияларына қатысқан. Форум жұмысына олар ауыл жастарының дамуына бағытталған бастамалармен танысып, жаңа жобалар мен тың идеялар төңірегінде пікір алмасқан.

 Шара барысында сала мамандары жастарды еліміздің болашағы үшін маңызды бағыттардың бірі – жасанды интеллект пен цифрландыру салаларына белсенді араласуға шақырды. Форумның алғашқы күні қатысушылар арасында командалық рухты нығайту мақсатында тимбилдинг шаралары ұйымдастырылып, делегаттардың шығармашылық кеші өткен. Сонымен қатар жастар үшін әуе шарымен ұшу мүмкіндігі де қарастырылған. Ал форумның екінші күні білім беру және мотивациялық кездесулерге арналған. Қатысушылар «AI Education Talks: Білімге жаңа көзқарас», «Business Talks: Идеядан табысқа» және «Motivation Talks: Жастарға серпін» тақырыптарындағы алаңдарда білікті спикерлердің тәжірибесімен танысып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасқан. Форум аясында жастар жаңа білім мен тәжірибе жинақтап қана қоймай, еліміздің түкпір-түкпірінен келген замандастарымен байланыс орнатып, ортақ жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылаған. 

Аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Нұрайым Садуахасқызы республикалық форумға алғаш қатысуы. Оның айтуынша, іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға мол мүмкіндік сыйлаған. 

–Екі күн бойы технология, жасанды интеллект, кәсіпкерлік, тұлғалық даму және қоғамдық көшбасшылық бағыттарында тәжірибелі спикерлердің дәрістерін тыңдадық. Сонымен қатар практикалық сессиялар мен ашық пікірталастарға қатысып, жаңа идеялармен танысып, тәжірибе алмастық. 

Форумның ұйымдастырылуы мен еріктілердің жұмысы ерекше әсер қалдырды. Шара басталған сәттен-ақ волонтер жастардың қонақжайлығы мен белсенділігіне тәнті болдым, – дейді ол. Форум барысында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, түрлі бастамалар мен ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алған. Осы жиында Нұрайым Садуахасқызы «Ауыл жастары» жастар қанатының Жылыой аудандық төрайымы болып тағайындалған. Шара аясында ол ауданымыздағы Ақкерегешың үстірті туралы айтқан ұсынысы қолдау тауып, бүгінде осы бағытта арнайы жоба әзірлеп жатқанын жеткізді. 

–Форумнан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Алғаш рет қатысқандықтан аздап қобалжу болды. Дегенмен шара мен күткеннен де жоғары деңгейде өтті. Бірінші күні еліміздің әр өңірінен келген жастар өз өнерлерін көрсетті. Біздің команда заманауи бағыттағы ән орындады. Маған ұнағаны – барлық іс-шараның еркін форматта өтуі. Сонымен қатар «Ауыл» партиясының осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары туралы кеңінен мағлұмат берілді. Өзекті әрі маңызды тақырыптар көтерілді. Сондай-ақ қазақстандық театр және кино актері Жасұлан Көпберген мен кітапсүйер блогер Хамит Ердехан жастармен кездесіп, кітап оқудың маңызы, өзін-өзі дамыту және өмірлік тәжірибелері жөнінде кеңінен ақпарат берді. Олардың айтқан көптеген ойлары мен үшін құнды болды, қажетті мәліметтерді түртіп алдым. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт – волонтерлардың белсенділігі мен құрметі, - дейді Нұрайым Сәдуақасқызы. 

Форум барысында қатысушылар ауылдың болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, өңірлерді дамытуға бағытталған тың бастамалар мен жобалар ұсынып, жаңа идеялардың қалыптасуына өз үлестерін қосқан. 

Айта кетейік, «Auyl Jastary» форумы – ауыл жастарын біріктіретін маңызды диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға бағытталған ауқымды бастама. Жоба жастардың заманауи білім мен технологияларды меңгеруіне, қоғамдық белсенділігін арттыруына және ел дамуына үлес қосатын жауапты азамат ретінде қалыптасуына мүмкіндік бермек. 

А. Махамбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT