Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов өңірдің белсенді жастарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Еркін форматта өткен кездесуге Атырау қаласы мен аудандарынан келген 150-ден астам қоғамдық және жастар ұйымының өкілі қатысты.
Кездесу барысында жастар туризмді дамыту, білім беру жүйесін жетілдіру, креативті индустриялар факультетін ашу, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, өнер мен спортты қолдау бағытындағы бастамаларын ортаға салды. Сонымен қатар инфрақұрылымды жетілдіру, туристік жобаларды жүзеге асыру және өңірде халықаралық деңгейдегі заманауи технопарк құру мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі жастардың бастамалары өңірдің болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
– Атырау облысының болашағы – сіздер. Өлкенің ертеңі жастардың біліміне, күш-қуатына және бастамашылдығына байланысты. Біздің міндетіміз – әрбір жасқа туған жерінде өз қабілетін дамытып, мақсатын жүзеге асыруға мүмкіндік жасау. Бірлесе еңбек етсек, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз, – деді Болат Ақшолақов.
Кездесу барысында жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын іске асырудың тетіктері жөнінде пікір алмасты. Аймақ басшысы мұндай ашық форматтағы кездесулер жастардың сұранысын тереңірек түсінуге және өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік беретінін айтты.
Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, бүгінде Атырау облысында 14 пен 35 жас аралығындағы 208 мыңға жуық жас тұрады. Бұл – өңір халқының 29 пайызы. Оның ішінде 122 056 жас қалада, ал 86 695-і ауылдық жерлерде өмір сүреді.



