Жергілікті өнімге жол ашқан жоба

Ауданымызда өнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды жоба жүзеге асты. Алғаш рет бой көтерген минералдық активтелген ұнтақ өндіретін зауыттың ресми ашылу салтанаты жуырда өтіп, салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланов арнайы қатысып, жаңа кәсіпорын көпшілік алдында іске қосылды. Жалпы құны 187 миллион теңгені құрайтын өндіріс орны аудан экономикасын әртараптандыруға, өндірістік әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға серпін бермек.

Жаңа өндіріс орны химиялық қоспаларға арналған минералдық активтелген ұнтақ шығаруға бағытталған. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы сағатына 20 тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді. Зауыт арнайы Қытайдан жеткізілген. Ал мұнда қолданылатын негізгі шикізат ретінде көрші Бейнеу ауданынан тасымалданатын инерттік материалдар мен әктас пайдаланылады. «АБС Лимитед» ЖШС басшысы Берік Қобыланұлының айтуынша, өндіріс толықтай заманауи технология негізінде жүзеге асырылады. Мұндай өндіріс жергілікті нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ол:

- Өндіріс арнайы технологиялық процесс арқылы жүзеге асырылады. Шикізат алдымен барабанда өңделіп, кейін қажетті талаптарға сай ұнтақталып, дайын өнім ретінде қаптамаға салынады. Бұл өнімді өзіміз үшін де тиімді бағамен өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті мекемелерді сапалы өніммен қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Алдағы уақытта кәсіпорын толық жұмыс істеген кезде 20-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарда бар. Қазірдің өзінде бірнеше жергілікті тұрғын жұмысқа қабылданды,-дейді өз сөзінде. 

Иә, жобаның маңызды тұсы да осы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Қазіргі таңда мұнда 8 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бастапқы кезеңде зауытта өндірілген минералдық ұнтақ жергілікті жол құрылысы саласында қолданылмақ. Егер өнім өзінің тиімділігі мен сапасын дәлелдесе, алдағы уақытта облыстың өзге аудандары мен өңірлеріне де жеткізілуі әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде жергілікті өндірістің нарықтағы үлесін арттыруға жол ашады. Соған сәйкес кәсіпорын басшысы алдағы уақытта жергілікті әкімдікпен және аймақтағы ірі инфрақұрылымдық жобалармен тығыз байланыста жұмыс жүргізетін болады. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланов: 

- Бұл бастама өңірдегі өндіріс көлемін арттырумен қатар, импортқа тәуелділікті азайтуға да ықпал етеді. Өздеріңіз білетіндей, кәсіпкер өндіріс орнын өз қаражат есебінен іске қосып отыр. Ал бұл аудан кәсіпкерлерінің белсенділігі мен инвестициялық мүмкіндіктерінің артып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан кәсіпорын басшысына тек сәттілік тілейміз,-деді нысанның ашылу барысында.

Іс-шараға қатысушыларға зауыт аумағына экскурсия ұйымдастырылып, өндірістік процесс жан-жақты таныстырылды. Нысан ресми түрде іске қосылып, зауыттың алғашқы өнімі көпшілік алдында өңделіп шықты. Енді нысан өндірістік инфрақұрылымды дамытуға тың серпін беріп, отандық өнім өндірісін ұлғайтуға, өңір экономикасын нығайтуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға өз үлесін қоспақ. 

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT