Өнердің өзгеше өрнегі

Қолөнер десе, көз алдымызға көбіне кесте тігіп, құрақ құрап, түрлі бұйым жасап жүрген қыз-келіншектер елестейді. Алайда өнердің ер мен әйелге бөлінбейтіні, шын ықылас пен ізденіс болса, кез келген жанның қолынан әдемі дүние шығара алатынына дәлел болып жүрген жастар да бар. Осы бағытта өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан ауданымыздағы ең жас кәсіпкер Нұрәли Мақсотов бүгінде қолдан жасалған сәндік бұйымдар жасаумен айналысып жүр.

Нұрәлидің сүйікті ісі – ұлттық нақыштағы ерекше сәндік бұйымдар жасау. Ол қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері формасында гипс пен ағаштан жасалған сәнді түйреуіштер әзірлейді. Бір қарағанда шағын ғана бұйым болғанымен, оның әрқайсысының бойында ұлттық өнердің өрнегі мен шебердің ізденісі жатыр. Иә, қазақтың ою-өрнегі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан көркем ойлау жүйесінің бір бөлшегі. Әрбір өрнектің өзіндік мәні мен тарихы болады. Ал Нұрәли сол дәстүрлі нақыштарды күнделікті өмірде қолдануға болатын заманауи аксессуарға айналдырып отыр. Бұл ұлттық мұраны сақтаудың, сондай-ақ, оны сәнге айналдырудың бір жолы.

Жас кәсіпкердің қолөнерге деген қызығушылығы 10 сыныптан бастау алған. Қазір ол – №21 жалпы орта білім беретін мектептің 11 сынып оқушысы. Сүйікті ісі туралы толығырақ баяндаған ол:

 - Мен бұл кәсіпке сурет өнеріне деген қызығушылығым арқылы келдім. Алғашында «Арт студия Талант» орталығында ұстазым Салтанат Исағалиевадан сурет салу мен қолөнерді үйрендім. Әсіресе маған мұнда гипс пен ағаштан бұйымдар жасау ерекше ұнады. Қарапайым материалдардан мұндай әдемі дүниелерді жасау одан әрі қызығушылығымды оятып, осылайша кәсібімді қалыптастырдым. Әр бұйымды өз қолыммен жасап, ұлттық нақыш пен заманауи дизайнды қатар үйлестіруге тырысудамын. Алда жоспарым да аз емес,-дейді өз сөзінде.

Нұрәлидің бұл талабы өз қызығушылығын кәсіпке айналдырып, ұлттық өнерді заманауи үлгіде дәріптеуге болатынын көрсетеді. Оның қолынан шыққан әрбір бұйымда ұқыптылықпен қатар, қазақы нақышқа деген құрмет те байқалады. Оған жас кәсіпкердің «Бір ауыл – бір өнім» жобасының аудандық кезеңіне қатысып, үздік атануы дәлел. Кейін ол өз өнімдерін жобаның облыстық кезеңінде ұсынды. Еңбекқор жас қолөнерді табыс көзі ғана емес, шығармашылығын шыңдайтын, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бағыт ретінде қабылдап отыр. Соның арқасында ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ, кәсібін қалыптастырып жүр. Ендеше жас шебердің ізденісі жалғасын тауып, ұлттық өнерді жаңа қырынан танытатын ерекше бұйымдары көбейе берсін дейміз. Өйткені өнерге өзгеше өрнек салған Нұрәлидің бүгінгі шағын қадамы ертеңгі үлкен кәсіптің бастауы болуы әбден мүмкін.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT