Ұлттық өнімге – жаңа серпін

Отандық өндірісті дамыту мен жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін кеңінен дәріптеуді мақсат еткен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесінің облыстық кезеңі аясында «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтті. Шараға ауданнан 17 тауар өндіруші қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынған.

Көрмеде азық-түлік өнімдерінен бастап қолөнер бұйымдарына дейін түрлі тауарлар қойылған. Қатысушылар өз өнімдерінің сапасы мен ерекшелігін таныстырып, тәжірибе алмасқан. Нәтижесінде «Қазақстанның үздік тауары» байқауы бойынша екі өндіруші, ал «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында бес кәсіпкер үздік тауар өндіруші дипломымен марапатталған.

Солардың қатарында жаңашыл идеясымен ерекшеленген кәсіпкер Анар Жүнісова да бар. Оның кәсіпкерлікпен айналысқанына 4 жылдан астам уақыт болған. Анар бизнесті декреттік демалыс кезінде қолға алған. Алғашында түрлі сыйлық жиынтықтарын әзірлеп, саудамен айналысқан ол уақыт өте келе тәтті өнімдер дайындауға ден қойған. 2022 жылдан бастап құлпынайды шоколадқа батырып дайындап, тұтынушылардың сұранысына ие болады. Тапсырыстар саны артқан соң кәсіби білімін жетілдіру мақсатында Астана қаласында арнайы оқу курсынан өтіп, кейін өз студиясын ашады.  Кәсіпкердің айтуынша, оның ісін жаңа деңгейге көтерген маңызды қадам – өткен жылы «Таңдау» жобасына қатысуы болған. Жоба аясында жеңіп алған 5 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға ол сублимациялық кептіру аппаратын сатып алып, өндірісін кеңейткен. Бүгінде кәсіпкер ұлттық тағамдарды сублимациялау арқылы олардың табиғи дәмі мен пайдалы қасиеттерін сақтай отырып, ұзақ уақыт сақталатын өнімдер шығаруда. Кейіпкеріміз байқауға қазақтың дәстүрлі тағамдары – бешбармақ, манты, құрт, ірімшік, бауырсақ, сүзбе, сондай-ақ шұбат, қымыз және ешкі сүтінен дайындалған сублимацияланған өнімдерін ұсынды. Көрмеге келген тұрғындар ерекше технологиямен дайындалған бұл өнімдерге қызығушылық танытып, жоғары бағасын берген.

– Кәсіппен декреттік демалыста жүрген кезде айналыса бастадым. Алғашында түрлі бұйымдар сатып, сыйлық бокстарын жасадым. Кейін шоколадқа батырылған құлпынай дайындауды қолға алдым. Тапсырыс көбейген соң арнайы білім алып, өз студиямды аштым. «Таңдау» жобасында жеңіп алған 5 миллион теңге мен үшін үлкен қолдау болды. Сол қаржыға сублимация аппараты сатып алынды. Биылдан бастап сублимацияланған өнімдерді өндіруге кірістім. «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, үздіктер қатарынан көріндім. Алдағы республикалық кезеңге тыңғылықты дайындалып жатырмын. Егер жеңімпаз атансам, қосымша аппараттар сатып алып, өндіріс көлемін ұлғайтып, бұл саланы одан әрі дамытқым келеді, – дейді Анар Жүнісова. 

Үздік деп танылған кәсіпкерлер енді республикалық кезеңде бақ сынамақ. Аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының менеджер-кеңесшісі Гүлмира Балжігітова алдағы кезеңде бренд-комитет қатысушылардың өнімдерін жан-жақты саралап, үздік он жеңімпазды анықтайды дейді. Жеңімпаз атанған кәсіпкерлер қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға өтінім беру мүмкіндігіне ие болмақ.

– Облыстық байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылар ұсынған өнімдердің барлығы ерекше әрі сапалы. Әр кәсіпкер өз ісіне жауапкершілікпен қарап, тың идеяларын көрсете білді. Ауданымыздың кәсіпкерлері арасынан үздіктердің анықталғанына қуаныштымыз. Әсіресе Анар Жүнісованың өнімі көпшіліктің назарын аударды. Оның сублимацияланған ұлттық тағамдары жаңашылдығымен ерекшеленіп, дәмдік сапасымен де жоғары бағаланды. Сондықтан келесі кезеңде де жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінетініне сеніміміз мол, – деді ол. 

Қазіргі кезде кәсіпкерлер алда өтетін байқауға тыңғылықты дайындық үстінде. Олар өз өнімдерінің сапасын арттырып, нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейту бағытында жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ тауар түрлерін көбейтіп, қаптамасын жетілдіруге және өнімдерін кеңінен таныстыруға басымдық беріп отыр. Кәсіпкерлер келесі кезеңде ауданның абыройын асқақтатып, үздіктер қатарынан көрінуге ниетті. 

А. Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT