Бүгінде ішкі нарықты отандық өніммен қамту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта облыста жергілікті өндірісті қолдау және кәсіпкерлердің еңбегін насихаттауға арналған «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесінің облыстық кезеңі өтті. Шара барысында ұйымдастырылған «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі жиналған қауымға нағыз ауыл өнімінің кереметін паш етті.
Бұл жолғы көрменің бәсі де, талабы да жоғары болды. Өңірдің әр ауданынан келген кәсіпкерлер өз өнімдерінің сапасы мен ерекшелігін таныстырып, үздіктер қатарынан көрінуге талпынды. Солардың бірі – жерлесіміз Салтанат Шнашева. Оның «Шашу өнімдері» қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде ол облыстық кезеңнің финалисті атанып, «Үздік өнім» марапатын иеленді.
Салтанат Мұратқызы – бес баланың анасы. Кәсіпкерлікті отбасындағы қарапайым қажеттіліктен бастаған. Оның айтуынша, жолдасы мен балалары шұжық, сосиска және ысталған ет өнімдерін жақсы көреді. Алайда дүкен сөрелерінен өз талғамына сай сапалы өнім табу қиын болған. Сондықтан алғашында сүйікті тағамдарын отбасы үшін өзі дайындай бастаған. Уақыт өте келе бұл іс шағын кәсіпке айналған. Бүгінде «Шашу өнімдері» шұжық, сосиска, ысталған ет өнімдерімен қатар ұлттық тағамдар дайындайды. Әсіресе бұжы, қарын бүрме, әсіп, қарта-бұжы, телшік сынды ұлттық дәмдерге сұраныс жоғары. Кәсіпкер өнімге қажетті етті жергілікті шаруа қожалықтарынан сатып алады. Сонымен қатар өз шаруашылығындағы малды да пайдаланады. Бір малдың мүмкіндігінше барлық мүшесін кәдеге жаратып, түрлі өнім дайындауға тырысады. Қазіргі кезде ол дайын өнімдерді үйінен сатып, дүкендерге де тапсырыс бойынша өткізеді.
Кейіпкеріміз кәсібін дамыту жолында түрлі жобаларға қатысып, біраз білім мен тәжірибе жинаған. Енді өзі секілді кәсіп бастауға ниетті қыз-келіншектерге бағыт-бағдар беріп, үйде отырған әйелдердің түрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес жобаларға белсенді қатысқанын қалайды. Сөзінше мұндай бастамалар жаңа мүмкіндікке жол ашады. Салтанат, әсіресе, «Таңдау» жобасы аясындағы тренингтердің пайдасы мол болғанын айтады. Ол бүгінде оқыту барысында алған білімін кәсібінде тиімді пайдаланып келетіндігін, сондай-ақ былтыр «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен қайтарымсыз қаржыға ие болып, қажетті құрал-жабдықтарын жаңартқандығын айтты. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік берген.
– Кәсібімнің дамуына отбасымның қолдауы үлкен әсер етті. Жолдасым қажетті құрал-жабдықтарды алып беріп, жаңа бастамама әрдайым демеу көрсетті. Отбасымның сенімі маған өз ісімді жүйелі түрде дамытуға жігер берді. Алғашында өнімдерді тек үй ішіміз үшін дайындайтынмын. Кейін арнайы білім алып, өнім әзірлеудің қыр-сырын меңгердім. Дастарханымызға қойған тағамдарымды қонақтарымыз ұнатып, тапсырыс бере бастады. Осылайша отбасымыз үшін басталған іс біртіндеп кәсіпке айналды. Осы сәтті пайдаланып кәсібімнің қалыптасып, дамуына қолдау көрсеткен жолдасыма, ата-анама, тұрақты тұтынушыларыма және аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына алғысымды білдіремін. Енді алдағы мақсатым – арнайы цех ашып, жаңа жұмыс орындарын құру. Сонымен қатар Жылыойдың дәмдерін аудан көлемінде ғана емес, көпшілікке танытқым келеді. Өнімдеріміз арқылы туған жердің өзіндік дәмін насихаттау – басты арманым,-дейді кәсіпкер.
Аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының менеджер-кеңесшісі Гүлмира Балжігітованың айтуынша, облыс бойынша үздік деп танылған 20 қатысушы іріктелген. Бренд-комитет мүшелері кәсіпкерлердің өнімдерін жан-жақты саралады. Нәтижесінде «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне ауданнан 10 кәсіпкер қатысты. Ал бес кәсіпкер үздіктердің қатарынан көрінді. Енді олар мемлекеттік грантқа өтінім беріп, өз кәсібін одан әрі дамытуға мүмкіндік алады.
– Көрмеге қатысқан кәсіпкерлер арасында облыстық деңгейде іріктеу жүргізілді. Атырау облысы бойынша үздік ондықтың ішінен ауданымыздан бес кәсіпкердің орын алуы – біз үшін үлкен қуаныш. Енді олардың барлығы мемлекеттік грантқа қатысуға мүмкіндік алады. Дегенмен гранттың барлығына бірдей берілетіні әзірге белгісіз. Ол үшін кәсіпкерлер алдағы уақытта конкурсқа қатысып, өздерінің бизнес-жоспарларын ұсынуы керек. Біз өз тарапымыздан оларға қажетті кеңес беріп, грантты жеңіп алуға барынша қолдау көрсетеміз,-дейді аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының менеджер-кеңесшісі Гүлмира Балжігітова.
Алдағы байқауға дайындық қазірдің өзінде қызу жүріп жатыр. Кәсіпкерлер өнім сапасын одан әрі жақсартып, тұтынушы сұранысына сай жаңа тауар түрлерін шығаруға күш салуда. Бұған қоса, өнімнің сыртқы безендірілуі мен қаптамасына да мән беріп, оны нарыққа тартымды түрде ұсынуды көздейді. Жергілікті кәсіпкерлер үшін бұл байқау – өз еңбегін танытып қана қоймай, кәсібін жаңа деңгейге көтеруге берілген мүмкіндік. Сондықтан олар келесі кезеңде де жақсы нәтиже көрсетіп, аудан атын абыроймен таныстыруға бекініп отыр.
А. Махамбетова



