Ауданымызда кәсіпкерлікті қолдау және тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыру бағытында жүзеге асырылып келе жатқан «Таңдау» жобасы өзінің тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Апта басында жобаның бесінші легінің қорытындысы шығып, 28 жылыойлық өз бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін қаржылық қолдауға ие болды. Осылайша бірнеше жылдан бері тұрақты түрде жалғасып келе жатқан бастама жергілікті кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастырып, аудан экономикасын дамытуға нақты үлесін қосты.
«Таңдау» жобасы «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржыландыруымен және Орталық Азияның Еуразия Қорының жүзеге асыруымен биыл бесінші рет жалғасын тауып келеді. Бағдарламаның басты мақсаты – тұрғындардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың әл-ауқатын көтеру. Бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе өз кәсібін ашуға ниетті, бірақ бастапқы қаржылық мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін маңызды қолдау болып отыр. Биыл жобаға барлығы 136 өтінім келіп түскен. Қатысушылар арасында өз ісін жаңадан бастағысы келетіндер де, жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейтуді көздейтін кәсіпкерлер де бар. Қатаң іріктеу нәтижесінде 60 адам жартылай финалға жолдама алып, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға арналған арнайы оқыту бағдарламасынан өткен. Қатысушылар жоба барысында стратегиялық жоспарлау, қаржылық басқару, маркетинг және көпшілік алдында сөйлеу бағыттары бойынша білімдерін жетілдіріп, өз жобаларын кәсіби деңгейде қорғауға дайындалды. Жарты жылға жуық оқу кезеңін аяқтаған 44 қатысушы өз бизнес-жобаларын комиссия алдында қорғап шықты. Іріктеу барысында жобалардың экономикалық тиімділігі, әлеуметтік маңызы және даму әлеуеті жан-жақты бағаланды. Нәтижесінде ең үздік деп танылған 28 жоба қаржылық қолдауға ие болды.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – әлеуметтік осал топтарға басымдық берілуі еді. Мәселен, биылғы жеңімпаздардың қатарында 16 көпбалалы отбасы өкілі, 12 жас кәсіпкер, 2 жұмыссыз азамат және 3 жалғызбасты ана бар. Бұл көрсеткіштер жобаның тек кәсіпкерлікті дамыту құралы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік қолдау тетігі ретінде де маңызды рөл атқарып отырғанын көрсетеді. Жеңімпаздардың бизнес-жобалары аудан экономикасының түрлі салаларын қамтиды. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы, сүт өнімдерін өндіру, білім беру орталықтары, автосервис қызметтері, кондитерлік өнімдер өндірісі, фитнес және спа қызметтері, нүктелік массаж орталықтары, кәріз жүйелерін тазалау, автожуу кешендері, полиграфия, тігін өндірісі, қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік және киім дүкендері сынды кәсіпкерлік бағыттар бар. Мұндай жобалардың жүзеге асуы тұрғындарға қажетті қызмет түрлерінің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Жобаның бесінші лек жеңімпаздарын марапаттау кешінде аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова жобаның аудан тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Таңдау» - кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға нақты мүмкіндік ұсынып қана қоймай, жастарды, көпбалалы отбасыларды және басқа да әлеуметтік топтарды экономикалық белсенділікке тартуға ықпал етіп келеді. Бұл өз кезегінде ауданның тұрақты дамуына оң әсерін тигізуде. Ал «Теңізшевройл» компаниясы бас директорының орынбасары Қуанышкерей Мұхтаров:
-Жоба 2023 жылдан бері табысты жүзеге асып келеді. Компания әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын ұстана отырып, қызметкерлері мен олардың отбасылары тұратын қаланың дамуына тұрақты қолдау көрсетуде. Ал «Таңдау» жобасы осы бағыттағы ең нәтижелі бастамалардың бірі саналады,-дейді өз сөзінде.
Иә, бағдарламаның тиімділігі нақты нәтижелерден де көрінеді. 2025–2026 жылдары жобаға қатысуға 209 адам ниет білдірсе, олардың 102-сі жартылай финалға өткен. 64 қатысушы оқыту бағдарламасын толық аяқтап, нәтижесінде 41 кәсіпкер қаржылық қолдау алған. Бұл көрсеткіштер жобаның жылдан жылға дамып, кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың тиімді алаңына айналып келе жатқанын дәлелдейді. Жобаның нақты нәтижесін оның қатысушыларының жетістіктерінен де көруге болады. Бұл туралы жобаның төртінші лек жеңімпазы, жиһаз шеберханасының иесі Мұхтар Рзабай: -Жоба маған тек қаржылық қолдау ғана емес, кәсіби білім мен жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Бұрын өндірісте қажетті жабдықтардың болмауы қосымша шығындарға әкелсе, жоба аясында алынған құрал-жабдықтардың арқасында өндіріс көлемі мен табыс көрсеткіштері екі есеге өсті. Қазіргі таңда кәсіпорында бес адам еңбек етеді және алдағы уақытта өндірісті кеңейту жоспарымда бар,-дейді ойын жеткізіп.
Айта кету керек, қатысушыларға берілетін қаржылық қолдау бес жыл мерзімге пайызсыз қарыз түрінде ұсынылады. Ал қайтарылған қаражат кейін жаңа кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыруға бағытталады. Осылайша жоба өзін-өзі қолдайтын тұрақты жүйе қалыптастырып, аудандағы кәсіпкерліктің үздіксіз дамуына жағдай жасауда. Бүгінде «Таңдау» жобасы Жылыойдағы шағын және орта бизнесті қолдаудың табысты үлгісіне айналды десек артық айтқандық болмас. Ол тұрғындардың өз идеяларын жүзеге асыруына, жаңа кәсіп ашуына, жұмыс орындарын құруына және өңір экономикасының дамуына нақты мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан бұл бастама алдағы жылдары да ауданымыздағы кәсіпкерлер санының артуына және жергілікті өнімнің көбеюіне ықпал ететін маңызды әлеуметтік-экономикалық жоба болып қала бермек.
Д.ЕЛЕУСІН




