Елдегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі. Осы мақсатта мемлекет кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Соның ішінде қайтарымсыз гранттар беру тетігі азаматтардың өз кәсібін бастауына мүмкіндік жасауда.
Ауданда 2013-2025 жылдар аралығында 40-қа жуық тұрғын мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болып, жеке кәсібін ашқан. Бұл бастама халықты жұмыспен қамтуға, табысын арттыруға және кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға бағытталған маңызды қолдау шарасы ретінде бағаланып келеді. Алайда қағаз жүзінде тиімді көрінген жобалардың барлығы бірдей күткен нәтижеге қол жеткізе қойған жоқ. Кейбір грант иегерлері кәсібін тұрақты жүргізе алмай, жобаларын тоқтатса, енді бірқатары бөлінген қаражатты толық игере алмаған. Сондықтан қайтарымсыз гранттардың тиімділігі мен олардың нақты нәтижесіне талдау жүргізу мәселесі бүгінгі күні өзекті болып отыр.
Мамандардың мәліметінше, 2013 жылдан 2024 жылға дейін аудан тұрғындарына қайтарымсыз гранттар 3 миллион теңгеге дейінгі көлемде берілген. Алайда грант иегерлерінің барлығы бірдей кәсібін дөңгелентіп әкете алмаған. Тіпті грант алып, бірнеше айдан кейін жұмысын тоқтатқан кәсіпкерлер де кездескен. Жауаптылар кейбір жобалар тек есеп үшін ғана жүзеге асырылып, уақыт өте келе мүлде жабылып қалғанын айтады. Мұндай жағдайлардың орын алуына бірнеше себеп болған. Соның бірі – грант алушылардың кәсіпкерлікке дайындық деңгейінің төмендігі. Көп жағдайда азаматтар нарықтағы сұранысты жан-жақты зерттемей, табыстылығы күмәнді бағыттарды таңдайды немесе бизнес-жоспарды тек грантқа қол жеткізу құралы ретінде әзірлейді. Соның салдарынан бөлінген қаржы игерілгенімен тұрақты табыс әкелетін әрі ұзақ мерзімде жұмыс істейтін кәсіп қалыптаспай жатады. Осыған байланысты 2024 жылдан бастап қайтарымсыз гранттар беру тәртібіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Жаңа талаптарға сәйкес мемлекеттік қолдау шараларының бір бөлігі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлер мемлекеттік гранттар мен өзге де қолдау тетіктеріне қол жеткізе алады. Соның бірі – көлемі 5 миллион теңгеге дейін жететін қайтарымсыз грант. Бұл қаражат кәсіпкерлік қызметті дамытуға, өндіріс ауқымын кеңейтуге, қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсалады. Дегенмен грантқа үміткерлер үшін бірқатар талаптар қойылған. Ең алдымен кәсіпкер әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі ретінде арнайы тізілімге енгізілуі тиіс. Мұндай мәртебе қызметі әлеуметтік маңызы бар бағыттарға сәйкес келетін кәсіпкерлерге беріледі. Сонымен қатар өтініш берушінің заңды түрде тіркелген бизнесі болуы қажет.
Одан бөлек грант алу үшін кәсіпкерлер бизнес-жоспарды, қаржылық есептерді және жобаны іске асыру жоспарын ұсынады. Арнайы комиссия жобаның экономикалық тиімділігін, қоғамға тигізер пайдасын және болашақ даму әлеуетін жан-жақты саралап, шешім қабылдайды. Тағы бір маңызды талап – кәсіпкердің жобаны жүзеге асыруға жеке қаражатын салуға дайын болуы. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, жоба құнының кемінде 20 пайызы кәсіпкердің өз қаржысы есебінен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл талап жобаның өміршеңдігін арттырып, кәсіпкердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ грант қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы тұрақты бақылауда болады. Бөлінген қаржыны өзге мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Грант иегерлері қаражаттың игерілуі жөнінде белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті есептерді тапсырып отыруға міндетті.
– Бұрын қайтарымсыз гранттар берілгенімен олардың нақты нәтижесі әрдайым көріне бермейтін. Себебі көптеген азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, грант алғаннан кейін бір жыл өткен соң кәсіпкерлік қызметін тоқтатып жататын жағдайлар кездесетін. Көбіне олар кәсібін кеңейтуге немесе одан әрі дамытуға қызығушылық танытпайтын. Оның бір себебі – кәсіпкерлердің басым бөлігі кәсіпкерлікке жаңадан келген азаматтар болды. Олар қысқа мерзімді оқудан өтіп, сертификат алғаннан кейін грантқа қатысатын. Ал 2024 жылдан бастап енгізілген өзгерістер бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттырады деп сенемін. Өйткені жаңа талаптар негізінде грант иеленген үш кәсіпкердің бүгінде екі жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл – оң нәтиженің алғашқы көрінісі. Жалпы грант иегерлері қаржылай қолдауды тек бастапқы мүмкіндік ретінде қабылдап, өз кәсіптерін тұрақты дамытуға күш салуы қажет. Өкінішке қарай, қайтарымсыз негізде берілген қаражатты тиімді пайдалана алмай, кәсібін жүргізуде қиындыққа тап болып жатқан азаматтар да бар,-дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің маманы Ақан Мәмбетиязов.
Айта кетейік, грант иегерлері қаражатты алғаннан кейін бір жыл өткен соң «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына тиісті есеп тапсыруы тиіс. Бүгінде ауданда қайтарымсыз гранттың көмегімен кәсібін дөңгелентіп, тұрақты табыс тауып отырған азаматтар да бар.
Дегенмен жекелеген жетістіктер бағдарламаның толық тиімділігін көрсете алмайды. Ең маңыздысы – бөлінген қаражаттың нақты нәтижеге жұмыс істеуі. Өйткені мемлекет үшін басты көрсеткіш грант алған адамдардың саны емес, сол қаржының жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіптің дамуына және қоғам игілігіне қаншалықты үлес қосқаны.
А. Мейрамбайқызы




