«Бір ауыл - бір өнім»

«Бір ауыл бір өнім» жобасы бүгінде еліміздің көптеген өңірінде жүзеге асырылып келеді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты әр ауылдың өзіндік ерекшелігіне сай өнім шығарып, сол арқылы өңірлік бренд қалыптастыру. Жуырда аудан әкімдігінің қолдауымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен осы жоба негізінде көрме-жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 30-ға жуық кәсіпкер, қолөнер шебері мен шаруа қожалықтары қатысып, өздерінің үздік әрі сапалы өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Шара барысында ұлттық құндылық пен заманауи кәсіптің үйлесімі анық байқалды.

Қатысушылардың әрқайсысы өз өнімдерінің ерекшелігін таныстырып, жергілікті жерде өндірілетін тауарлардың сапасы мен сұранысқа ие екенін дәлелдей білді. Көрме барысында қазақы нақыштағы қолөнер бұйымдары көпшіліктің ерекше назарын аударды. Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген әсем дүниелер, тұрмысқа қажетті сәндік және қолданбалы бұйымдар, қолдан тігілген киімдер мен әшекейлер келушілердің қызығушылығын тудырды. Шеберлердің қолынан шыққан әрбір бұйымнан қазақ халқының бай мәдениеті, ұлттық болмысы мен дәстүрі айқын сезіліп тұрды. Әсіресе, қыз-келіншектер мен жастар ұлттық стильде жасалған бұйымдарға, шеберлердің еңбегіне жоғары бағасын берді. Сонымен қатар көрмеде табиғи әрі экологиялық таза өнімдер де болды. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер сүт және ет өнімдерінің бірнеше түрін әкеліп, өз өнімдерінің сапасын таныстырды. Қолдан жасалған сары май, құрт, ірімшік, қаймақ секілді ұлттық тағамдар мен табиғи өнімдердің экологиялық таза әрі денсаулыққа пайдалы азық-түліктердің қазіргі қоғамда үлкен сұранысқа ие екені байқалды. Жәрмеңкеде қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, қонақтар ұлттық ас мәзірінен дәм татып, халқымыздың дәстүрлі тағамдарының дәмін сезінді. Іс-шара барысында аудан кәсіпкерлері өзара тәжірибе алмасып, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік алды. Кәсіпкерлер үшін мұндай шаралардың маңызы зор. Себебі бұл өнімді халыққа танытып қана қоймай, жаңа нарыққа жол ашатын, кәсібін дамытуға серпін беретін тиімді алаң.

Шара барысында өз өнімдерімен ерекшеленген 10 кәсіпкер «Үздік» номинациясымен марапатталып, облыстық кезеңге жолдама алды. Атап айтқанда, «Shashu» шұжық ет өнімдерінің иесі Салтанат Шнашева, «Maliboo» сублилимат өнімдерінің өндірушісі Анар Жүнісова, жылқы өнімдерін өндіруші Исламбек Әлмұханов, «Eco liza» эко өнімдерінің иесі Лиза Қасымова, «Теңел» шаруа қожалығының сүт өнімдерін өндіруші Фариза Тұрлашева, «Ақ өнім» ешкі сүт өнімдерінің иесі Фариза Махисова, «Елырыс» консервіленген ет өнімдерінің өндірушісі Нұртаза Бердешова және қолөнер шеберлері Нуржамал Киюашева, Нурали Жанша, Айгүл Қуанова өздерінің ерекше идеяларымен, жоғары кәсібилігімен және сапалы өнімдерімен көпшілік ықыласына бөленді. Кәсіпкерлер енді облыстық кезеңде Жылыой ауданының намысын қорғайтын болады. Сондай-ақ барлық қатысушыларға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының атынан алғыс хаттар табысталды. 

Жылыой ауданында өткен бұл көрме-жәрмеңке ауыл кәсіпкерлерінің мүмкіндігі мол екенін тағы бір дәлелдеді. Ұлттық өнімді ұлықтап, жергілікті кәсіпті дамытуға бағытталған мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауданның ғана емес, облыс пен республиканың дамуына өз үлесін қосады деген сенім мол. 

Жоба аудан кәсіпкерлерінің табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын кәсіптің дамуына жол ашады. Сонымен қатар отандық өнімнің сапасын арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға да үлкен мүмкіндік береді. Мұндай жобалар әсіресе ауылдық жерлер үшін аса маңызды. Себебі тұрғындарының кәсіпке бет бұруына, өз кәсібін ашып, табысын арттыруына үлкен қолдау көрсетеді. Ауданымыздан шыққан өнімнің сапалы әрі бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT