Атырау қаласындағы «Olimp Service» ЖШС өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа өндіріс бағытын іске қоспақ. Бүгінде алюминий және пластик конструкцияларын өндірумен айналысатын кәсіпорын шілде айының соңына дейін әйнек өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр.
Осыдан 15 жыл бұрын небәрі екі қызметкермен жұмысын бастаған кәсіпорын бүгінде өңірдегі ірі өндіріс орындарының біріне айналды. Қазіргі таңда зауытта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда ай сайын 5 мың шаршы метрге жуық ПВХ конструкциясы мен 2 мың шаршы метр алюминий конструкциясы шығарылады. Өнімдер Атырау облысымен қатар көршілес өңірлерге де жеткізіледі.
Кәсіпорын басшысы Вячеслав Айтжановтың айтуынша, жаңа өндірістік бағыт аясында қарапайым әйнекпен қатар өртке төзімді арнайы әйнектер де шығарылатын болады. Бұл жерде еңбек ететін мамандар екі айлық арнайы даярлықтан өтеді.
Жобаны толық іске асырғанда кәсіпорында 30-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар зауыт жергілікті колледж студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізіп, болашақ мамандарды даярлауға үлес қосып келеді. Тәжірибеден өткен жастардың бірқатары кейін тұрақты жұмысқа қабылдануда.
Жаңа өндірістің іске қосылуы өңірдегі өнеркәсіп саласының дамуына серпін беріп, жергілікті нарықтағы отандық өнім үлесінің артуына ықпал етпек.
Нұргүл Насыр




