Атыраулық аспаз ұлттық тағам өндірісін қолға алды

Атырауда «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бренд-комитеттің шешімімен республикалық көрмеде өңірдің атынан қатысатын және мемлекеттік гранттарға үміткер болатын жергілікті 10 үздік тауар өндіруші анықталды.

«Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасы «Жергілікті және өңірлік ресурстардан өндірілетін өнім өндірушілерді қолдау» бағыты аясында жүзеге асырылады. Жобаның негізгі мақсаты – жергілікті және өңірлік шикізат негізінде өндірілетін өнімдерді, соның ішінде ауылдық деңгейдегі өнімдерді анықтау, өндіріс технологияларын жетілдіруге және өнімді ішкі әрі сыртқы нарыққа шығаруға қолдау көрсету. Жобаға жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер, стартаптар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар және жергілікті шикізатты пайдаланатын өндірушілер қатыса алады.

Биыл Атырау облысынан жобаға қатысу үшін қала мен аудан кәсіпкерлерінен барлығы 42 өтінім түсті. Қатысушылар өз өнімдерін 10 маусым күні облыс орталығында өткен көрмеде таныстырды. Іріктеудің алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша 20 өндіруші екінші кезеңге өтті.

Финалдық іріктеуді Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы бренд-комитет өткізді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлікті дамыту институттарының, бизнес қауымдастықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және тәуелсіз сарапшылар кірді. Қатысушылар өз таныстырылымдары барысында өндіріс технологиясы, пайдаланылатын шикізат және өнімдерінің ерекшеліктері туралы жан-жақты баяндады.

«Жобаларды бағалау кезінде бірнеше негізгі критерийге ерекше назар аударылды. Өнім негізінен жергілікті шикізаттан өндірілуі тиіс, ал өндіріс процесі қомақты қаржылық шығындарды қажет етпейтін қарапайым технологиялар мен жабдықтарға негізделуі керек. Ұсынылған жұмыстардың қатарында ет және сүт өнімдері, консервілер, кондитерлік өнімдер, экологиялық таза өнімдер, киізден, ағаштан, саз балшықтан және гипстен жасалған бұйымдар, сондай-ақ ұлттық киімдер, аяқ киімдер мен аксессуарлар болды. Айта кету керек, жыл сайын бұл жобаға қатысуға ниетті кәсіпкерлердің қызығушылығы да, өндірілетін өнімнің сапасы да артып келеді», – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Жанаргүл Жоламанова.

Өңірлік кезеңнің жеңімпаздарының бірі – Жылыой ауданынан келген кәсіпкер Анар Жүнісова. Көпбалалы ана декреттік демалыс кезінде флористикамен айналыса бастап, 2022 жылы өзінің студиясын ашқан. Кейін сублимацияға арналған жабдық сатып алып, алдымен сублимацияланған балмұздақ пен жемістерді өндіре бастайды. Кейін ұлттық тағам бағытын дамытуға шешім қабылдап, жоба көрмесінде дәл осы өнімдерін ұсынды.

«Мен бұл жобаға алғаш рет қатысып отырмын және жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Ұлттық тағам арқылы халқымыздың салт-дәстүрін насихаттағым келеді. Бұл өнімге тек біздің облыста ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де сұраныс жоғары. Сондықтан өндірісті кеңейтіп, қосымша жабдық сатып алуды жоспарлап отырмын. Қазіргі таңда менің кәсіпорнымда екі адам жұмыс істейді. Егер грант ұтып алсам, өндіріс көлемін де, қызметкерлер санын да арттырамын. Бұл жоба кәсіпті одан әрі дамытуға барлық қажетті мүмкіндіктерді ұсынады», – деді Анар Жүнісова.

Бренд-комитет отырысының қорытындысы бойынша өңірлік кезеңнің жеңімпаздары:

Нұрсұлтан Қалиев («НИЕТ» ЖК) – ағаштан жасалған бұйымдар;

Гүлзада Қарабалиева – киіз бұйымдары;

Гүлзада Дүйсенғалиева – киіз бұйымдары;

Бақытгүл Ищанова – глютенсіз печенье;

Лиза Қасымова («Қасымова» ЖК) – кептірілген жемістер мен пастила;

Нұржамал Қиюашева («Қиюашева Н.Н.» ЖК) – киіз бұйымдары;

Анар Жүнісова («Anar-Beysen» ЖК) – сублимацияланған өнімдер;

Салтанат Шнашева («Амин» ЖК) – ет өнімдері;

Фариза Махисова («Фариза» ЖК) – сүт өнімдері;

Гүлдерей Рахымбергенова («Алмаз» ЖК) – консервіленген өнімдер.

Айта кетейік, өңірлік кезеңнің жеңімпаздары маркетингтік сүйемелдеу, өнімді брендтеу және сертификаттау бойынша қолдау, сондай-ақ тауарларды ішкі және сыртқы нарықтарға ілгерілету бағытындағы кешенді қолдауға ие болады. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының республикалық кезеңінің қорытындысын осы жылдың соңына дейін шығару жоспарланып отыр.

 Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT