Аграрлық сектордың аудан экономикасына қосар үлесі

Ауыл шаруашылығы - ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын маңызды салалардың бірі. Осы бағыттағы жұмыстардың жай- күйін бағамдау, шаруалардың ұсыныс -пікірлерін тыңдау және өндіріс барысымен танысу мақсатында аудан әкімі Жұмабек Қаражанов бірқатар шаруа қожалықтарын аралады. Сапар барысында аудан басшысы “Болашақ”, “Аман- Есен” және Қарағай елді мекеніндегі бақша шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысып, қожалық жетекшілерімен кездесті. Кездесу барысында шаруалардың атқарып жатқан жұмыстары, өндіріс көлемі, жетістіктері және алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Биылғы жылы ауа райының құбылмалығына қарамастан, аудан диқандары егістік алқаптарын күтіп-баптау жұмыстарын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Жердің құнарын сақтап, мол өнім алуды мақсат еткен шаруалар агротехникалық талаптарды сақтай отырып, егістікке қажетті күтім жұмыстарын жүйелі жүргізуде. Бүгінде олар су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында суды үнемдеу технологияларын кеңінен енгізіп, тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы өндіріс көлемін арттыруға, сапалы өнім өндіруге және ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін нығайтуға күш салып келеді. Кездесу барысында аудан әкімі шаруалардың тынымсыз еңбегіне жоғары баға беріп, олардың аудан экономикасының дамуына қосып отырған үлесі зор екенін атап өтті. Сондай-ақ аграрлық саланы дамыту бағытында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларының тиімді пайдаланылуы маңызды екенін жеткізді.

Кездесуде шаруа қожалықтарының өкілдері де өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді ортаға салды. Олардың айтуынша, соңғы уақытта жабайы аңдардың, әсіресе қабандардың егістік алқаптарына жиі кіріп, егінді таптап, өнімге айтарлықтай зиян келтіруі алаңдаушылық туғызып отыр. Сонымен қатар шаруалар өндірген өнімдерін өткізу кезінде қиындықтарға тап болып жүргендерін жеткізді. Атап айтқанда, өнімдерін саудаға шығарғаны үшін қалалық әкімдік тарапынан белгіленген сауда орындарынан тыс жерде сауда жасағаны негізінде әкімшілік айыппұл салынғанын айтып, бұл мәселені бір жақты етіп, нақты шешім қабылдауды сұрады. Аудан басшысы көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтып, жауапты сала мамандарына заң аясында зерделеп, тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

 - Бұл кездесудің басты мақсаты – шаруа қожалықтарының қазіргі жағдайын бақылап, сіздерді толғандырған мәселелерді тыңдау. Көтерілген түйткілдердің заң аясында шешілуіне қолдау көрсетеміз. Дегенмен, сіздер де өздеріңіз тұратын және еңбек ететін аумақтардың тазалығына мән беріп, қала келбетінің сақталуына жауапкершілікпен қарауларыңыз қажет. Қожалықтардың тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін ескеріп, саладағы мәселелерді бірлесіп шешу – ортақ міндет,-деді аудан басшысы.

 Шаруа қожалықтарының өкілдері кездесуде өз ұсыныс-пікірлерін де ортаға салды. Олар аудан аумағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін халыққа қолайлы форматта ұйымдастыруды ұсынып, оған тек шаруа қожалықтарының тікелей қатысуын және мал шаруашылығы өнімдерінің кеңінен ұсынылуын, сондай-ақ жәрмеңкені кешкі уақытта ашық алаңда өткізуді сұрады. Аталған ұсынысқа қатысты аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Раушанұлы бұл мәселенің назарға алынғанын айтып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін қыркүйек айында ұйымдастыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

- Жәрмеңкелер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Алайда тұрғындардың өзі жақсы білетін бір мәселе бар. Сауда жасап жүргендердің басым бөлігі – алыпсатарлар. Олар өнімді базардан көтерме бағамен сатып алып, жәрмеңкеде қайта сатуда. Ал жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жергілікті өндірушілердің өнімін ешбір делдалсыз тікелей халыққа ұсыну. Сондықтан алдағы уақытта тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін қаланың ашық алаңдарында кешкі уақытта ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте шаруа қожалықтары стадион маңындағы автотұрақ аумағында ұйымдастыру туралы ұсыныс білдірді. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес тамыз және қыркүйек айларында «Жеңілдіктер түні» атауымен кешкі сағат 23:00-ге дейін жәрмеңкелер өткізілетін болады,-деді бөлім басшысы.

 Оның айтуынша, биыл Жем өзеніне су аз келген. Соған байланысты шаруа қожалықтары егістікті арнайы сорғылар арқылы суарып отыр. Егінге су аса қажет болғандықтан, шаруалардың өтініші ескеріліп, өзеннің суын пайдалануға мүмкіндік берілген. Алайда су тапшылығының салдары басқа аумақтарда да сезілуде. Атап айтқанда, Шоқпартоғай ауылының ар жағындағы Бартылдақ пен Тоқсанкөл көлдеріне биыл су жетпей, олар құрғап қалған. Бұл жағдай сол маңдағы шаруа қожалықтары мен мал ұстап отырған тұрғындарға қиындық туғызып отыр. Бөлім басшысының сөзінше, бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Көлдерге су жеткізу бағытындағы жұмыстарды күз мезгіліне қарай қолға алу жоспарлануда. Бұдан бөлек биылғы ауа райының қолайсыздығы мен су тапшылығы шабындық жерлерге де кері әсерін тигізді. Шөптің шығымы төмен болып, кейбір алқаптарда егіннің пісуі де кешеуілдеп отыр. Бұл өз кезегінде егін жинау науқанының мерзіміне әсер етуде.

Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда 6 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Биылғы жоспарға сәйкес жалпы 345 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 75 гектарына көкөніс, 160 гектарына бақша дақылдары, ал 100 гектарына жемшөп отырғызылған. Мамандардың мәліметінше, биыл 1 275 тонна көкөніс, 2 720 тонна бақша өнімдері және 900 тонна жоңышқа жинау жоспарланған. Қазіргі уақытта 125 тонна көкөніс, 530 тонна бақша өнімдері және 600 тонна жоңышқа жиналды. Сала мамандарының айтуынша, бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда жоғары.

 А.Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT