Атырауда дәстүрлі «Қазақстанның үздік тауары» және «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы көрме-байқау өтті. Биылғы іс-шараға 100-ге жуық тауар өндіруші қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Ауқымды көрмені облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев арнайы аралап, кәсіпкерлерге сәттілік тіледі, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Қазақстанның үздік тауары» байқауында қатысушылар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымдары бойынша бақ сынады. Өңірлік кезеңнің қорытындысы бойынша үздік деп танылған 9 кәсіпкер күзде Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды. Сонымен қатар байқау дипломанттарына төрт жыл бойы байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығы берілді.
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Интаго Қазақстан» ЖШС, «Newtech systems group» ЖШС және «Атырау пром вентиляция» ЖШС жеңімпаз атанды.
Ал «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында Калиев Арманбек ЖК, «Coolman» ЖК және Мұқанова Мөлдір Серік ЖК үздіктер қатарынан көрінді.
«Үздік азық-түлік өнімдері» номинациясында Аташева ЖК, Темірлан ЖК және «Асыл-ана» ЖК жеңімпаз деп танылды.
Ал «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында үздік деп танылған қатысушылар қайтарымсыз грант байқауына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Жобаның негізгі мақсаты – жергілікті өнімдердің сапасын арттыру, өңірлік брендтерді қалыптастыру және олардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Жобаға кәсіпкерлермен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен стартап иелері де қатысты.
Олардың ішінен жартылай финалға 42 қатысушының арасынан 20 кәсіпкер өтті. Алдағы уақытта бренд-комитет отырысында 10 үздік өнім өндіруші анықталады.
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Еркінбек Қаракешовтың айтуынша, көрмеде азық-түлік өнімдері, тұрмыстық химия тауарлары, тігін бұйымдары, құрылыс және жанар-жағармай материалдары, кәдесыйлар мен жарнамалық өнімдер ұсынылған.
– Қуантатыны – шағын кәсіпкерлердің өнімдері сапа жағынан ірі компаниялардың тауарларынан кем түспейді. Кәсіпкерлер үшін ірі компаниялар деңгейіне шығу мен қаржыландыру мәселелері әлі де өзекті. Бүгінгі көрме – олар үшін өнімдерін таныстырып, тегін жарнама жасауға үлкен мүмкіндік, – деді ол.




