ЖАСЫЛ БЕЛДЕУДЕ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Махамбет ауданындағы Жасыл белдеу аумағында кезекті тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Экологиялық шараға аудандық дербес бөлімдер мен мекемелердің 100-ге жуық қызметкері қатысып, аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазарту, ретке келтіру жұмыстарын жүргізді. Тазалық жұмыстарына арнайы техникалар да жұмылдырылды.

Сонымен қатар Жасыл белдеу аумағындағы қураған ағаштар кесіліп, айналаны абаттандыру жұмыстары қолға алынды.

Махамбет ауылдық округі әкімінің орынбасары Темірлан Бертілеуовтің айтуынша, алдағы уақытта кесілген қураған ағаштардың орнына жас шыбықтар отырғызу жоспарланып отыр.

Мұндай экологиялық шаралар елді мекеннің тазалығын сақтап қана қоймай, жасыл желекті күтіп-баптауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT