«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Жайық шұғыласы» газетінің ұжымы тазалық жұмыстарына атсалысты.
Редакция қызметкерлері мекеме аумағын ретке келтіріп, айналаны қоқыс пен қураған шөптерден тазартты.
Іс барысында ұжым мүшелері ауланың көркін кетірген арамшөптерді жұлып, қураған өсімдіктерді жинап, аумақтың тазалығына көңіл бөлді. Бірлесе атқарылған жұмыс қоршаған ортаны күтіп ұстаудың және қоғамдық орындардың тазалығына жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетті.
«Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – елді мекендердің тазалығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бұл бастама әр азаматты туған жерінің тазалығына бейжай қарамауға, табиғатты аялауға және игі іске үлес қосуға үндейді.
Тазалық – тек бір күндік науқан емес, күнделікті дағдыға айналуы тиіс ортақ міндет. Осы бағыттағы жұмыстарға үлес қосқан «Жайық шұғыласы» газетінің ұжымы да туған өлкенің көркеюіне атсалысудың үлгісін көрсетті.
Таза орта – жарқын болашақтың кепілі. Әркім өз айналасын таза ұстап, табиғатқа жанашырлық танытса, туған жеріміздің ажары арта түспек.
Ш.ТӨЛЕГЕНОВА




