Тазалық - ортақ міндет

Махамбет ауданында қоршаған ортаның тазалығын сақтау мен көркейту бағытындағы игі бастамалар жүйелі түрде жалғасын табуда. Соның бір айқын дәлелі – 3 сәуір күні аудан орталығы Махамбет ауылының кіреберіс аумақтарында ұйымдастырылған кезекті сенбілік шарасы.

Аталған тазалық жұмыстары «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілді. Игі іске аудандық Жастар орталығы мен Азаматтық орталықтың қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, түрлі мекеме ұжымдары және белсенді жастар белсене атсалысты. Олар ауылдың кіреберіс бөліктерін күл-қоқыстан тазартып, айналаны ретке келтіру жұмыстарын жүргізді.

– Сенбілік барысында жол жиегі мен оған іргелес аумақтардағы қоқыстар жиналып, бей-берекет жатқан қалдықтар арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар, кейбір учаскелерде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, айнала келбеті айтарлықтай жақсарды. Бұл – тек тазалық шарасы ғана емес, тұрғындарға үлгі болатын, ортақ жауапкершілікті арттыратын маңызды бастама,- дейді Махамбет ауылдық округі әкімінің орынбасары Темірлан Бертілеуов.

Ұйымдастырушылар сенбілікті тиімді әрі жүйелі өткізу мақсатында қатысушыларды 3 секторлық аймаққа бөліп, әр топқа нақты міндеттер жүктеді. Осылайша, әр бағыт бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп, белгіленген аумақтар толық қамтылды. Темірлан Бертілеуовтің сөзінше, мұндай тәсіл жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуына мүмкіндік берді.

– Жастар орталығы мен Азаматтық орталық қызметкерлерінің белсенділігі ерекше атап өтерлік. Олар тек қатысып қана қоймай, өзге тұрғындарды да тазалыққа шақырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосуда. Осындай шаралар арқылы қоғамда табиғатты аялау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау сынды құндылықтар нығая түседі. Жалпы, сенбілік – бір күндік шара емес, ол – тұрақты әдетке айналуы тиіс игі үрдіс. Ауыл тазалығы – әрбір тұрғынның жауапкершілігінде. Сондықтан мұндай шараларға қатысу арқылы әр адам туған жерінің көркеюіне өз үлесін қоса алады,- дейді ауылдық округ әкімінің орынбасары.

Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Бұл бастама аудан көлемінде кеңінен қолдау тауып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға серпін береді деп күтілуде. Тазалық – тек сыртқы келбет емес, ол – қоғамның мәдениеті мен санасының көрсеткіші. Ендеше, туған жеріміздің таза әрі көрікті болуы – баршамыздың ортақ міндетіміз.

       Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT