«ТАЗА ШАРОН» ЭКОАКЦИЯСЫ

ШАРОН – АУДАНЫМЫЗДЫ КЕСІП ӨТЕТІН ҚИҒАШ ӨЗЕНІНІҢ БІР ТАРМАҒЫ. ҰЗЫНДЫҒЫ ШАМАМЕН 40 ШАҚЫРЫМДЫ ҚҰРАЙДЫ.

ШОРТАНБАЙДАН БАСТАП БІРНЕШЕ БӨЛІККЕ БӨЛІНІП ҚҰРМАНҒАЗЫ АУЫЛЫНА ДЕЙІН ЖЕТІП, ТЕҢІЗГЕ ҚАРАЙ БІР АРНАМЕН АҒЫП КЕТЕДІ. ОЛ ТАРМАҚТАРДЫ ҚОСҚАНДА ТІПТІ 140 ШАҚЫРЫМҒА ДА ЖЕТУІ МҮМКІН. АУЫЛ-АУЫЛДАРДА ОНЫ ТАЗАЛАП АУЫЗ СУҒА, СОНДАЙ-АҚ МАЛ МЕН ЕГІН СУҒАРУҒА КӨПТЕП ПАЙДАЛАНАДЫ. ӨЗЕН ТҮРЛІ БАЛЫҚТАРҒА, СУ ЖӘНДІКТЕРІ МЕН ӨСІМДІКТЕРІНЕ ТОЛЫ. 

 

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында өзен-көлдердің тазалығын сақтау мақсатында «Таза су айдындары», «Мөлдір бұлақ» акциялары біраз жылдардан бері өткізіліп отырылады. Акцияға жергілікті атқарушы органдар мен мекемелердің қызметкерлері және ауылдың белсенді жастары көптеп қатысады. Тазалық шарасының негізгі мақсаты су айдындары мен жағалауларды түрлі қалдықтардан тазалап, су жануарларының тіршілік ортасын ластамауды, табиғатты аялауды көздейді. Мұндай акциялар бұл жолы «Таза Шарон» деген нақты атауды иеленіп, үстінен өзен ағып өтетін Шортанбай, Жаңаталап, Нұржау, Орлы және Құрманғазы ауылдық округтерінде ұйымдастырылды.Тазалық жұмыстары барысында жағалаулар күлқоқыстан тазартылып, арнайы белгіленген қоқыс полигонына тасымалданды. Бұған бірнеше техника мен адам күші тартылып, нәтижесінде бірқатар аймақ тазарып қалды. Экологиялық акцияға әр округтен 40-50 адамнан қатысты. Табиғатты аялау әрбір перзенттің туған өлкеге деген құрметі деп білгеніміз жөн. Осы тұрғыдан алғанда кейбіріміз тазалыққа бейжай қарап жатамыз. Рас, кейде табиғаттың тазалығына көзімізді жұма қарайтын да кездеріміз болып жатады. Алайда, «Судың да сұрауы бар» екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан табиғатқа да оң көзбен қарап, таза ұстауға тырысқан дұрыс болар. Бүліне қалса осылай сенбілікке шығып жинастырып тұрған абзал.

 

Айбек НӘЖІМОВ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT