Алға ауылдық округінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Аталған шараға округтегі мекеме қызметкерлері, «Таза Махамбет» мекемесінің мамандары және қоғамдық аумақтарды тазалауға жауапты жұмысшылар белсенді қатысты.
Сенбілік барысында қатысушылар өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыстарды жинап, айналаны ретке келтірді. Мекеме ұжымдары өз ғимараттарының маңын абаттандырып, санитарлық тазалық жұмыстарын атқарды.
Сонымен қатар «Таза Махамбет» мекемесінің қызметкерлері мен қоғамдық аумақтарды тазалаушылар Жайық өзенінің жағалауында тазалық жұмыстарын жүргізіп, жиналған тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға шығарды. Бұл жұмыстар өзен жағалауының тазалығын сақтауға және табиғи ортаны қорғауға бағытталды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғау – қоғамның ортақ міндеті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілетін мұндай шаралар тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, туған өлкенің көркеюіне өз үлесін қосуда.
Таза әрі көрікті ауыл қалыптастыру жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Басты мақсат – қоршаған ортаны таза сақтап, келер ұрпаққа табиғаты көркем, экологиялық жағынан қолайлы мекен қалдыру.


